Жартастан құлап, зардап шеккен азамат Бурабай аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. Ер адамға түнде ота жасалды. Зардап шеккен азаматтың бас сүйегі жарақаттанып, жіліншік сүйектері сынған. Дәрігерлер оның алдағы жағдайы туралы басқа ақпарат айтудан бас тартты.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінде мәлім еткендей, Астана қаласының 24 жастағы тұрғынының өз сөзінен белгілі болғандай, ер адам 940 метр биіктікте селфи жасап жүріп, аяғы тайып, жартастан құлаған.
Еске сала кетейік, кеше Бурабайдағы Абылай хан алаңы маңыңда ер адамның жартастан құлап кеткендігі туралы хабарлаған болатынбыз.