Бурабай ауданындағы Бурабай көлінде Қазақстандағы алғашқы «Burabay Swim 2018» атты жаппай жүзуден жарыс өтті. Ол Oceanman және X-Water сынды әлемдік жүзу сайыстарының аналогы ретінде ұйымдастырылды.
«Burabay Swim 2018» «Four seasons» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде, сондай-ақ, елорданың 20 жылдығына орай өткізіліп жатыр. Шараның негізгі мақсаты - спортпен жаппай айналысуға шақыру, халықты салауатты өмір салтына бейімдеу, жүзуді ұнататын адамдардың спорттық шеберліктерін жетілдіру мен ішкі және кірме туризмді дамыту болды», - дейді ведомствода.
Жүзу сайысына қатысушылар 1 немесе 4,5 шақырым (қалауы бойынша) қашықтықты жүзіп өткен.
Ең жас астаналық қатысушы Тимур Стенин - небары 17 жаста, ал 51 жастағы Алмаз Жәкеев - қатысқандардың ішіндегі ең ересегі болды.
Қарағандыдан келіп қатысқан Александр Иоцус 4,5 шақырымға жүзуден 1-орынды жеңіп алды. Ол бұл қашықтықты 56 минут, 2 секундта жүзіп өтіп, ең үздік нәтиже көрсетті. 2-ші орынды астаналық Дмитрий Деревянко алса, оның жерлесі Екатерина Руденко 3-ші орынға жайғасты.
1 шақырымға жүзуде Петропавл қаласының тұрғыны Дарья Кутикова көш бастады. Ол бұл қашықтықты 17 минут 46 секундта жүзіп өтті. 2-ші орынды Қанат Жанатов жеңіп алды. Ал астаналық Мұхамед-Қайдар Исмағұлов 3-ші орынға жайғасты.