Бурабайда асықтың мергендері анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бурабайда 2005-2007 жылғы жасөспірімдер арасында асық атудан және бес тас ойындарынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық ойыннан өткен республикалық спорт жарысына Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Қостанай облыстары және Алматы мен Астана қалаларының командалары қатысты.

Екі күнгі созылған дүбірлі додада қызылордалық оқушылардың асығы алшысынан түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Ал екінші және үшінші орынды Оңтүстік Қазақстан және Қостанай командалары өзара бөлісті.

Қыздар арасында ұйымдастырылған бес тас ойындарында бірінші орынды Қостанай командасы алса, екінші орынды Астана қаласының қыздары иемденді. Ал үшінші орынға Ақмола облысының командасы табан тіреді.

Айта кетейік, асық - қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнаған баланың жылдамдығы, мергендігі дамып, алыстан көру қабілеті артады, аяқ-қолы ширақ қимылдап, епті бола түседі.