Бурабайда әйелдер баскетболынан жастар арасындағы шеберлік сабақтары өтеді
Бұл туралы аталмыш бағдарлама бойынша АҚШ-тың Денвер қаласында өткен халықаралық чемпионаттан оралған спортшылардың бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтылды.
«Біз қызықты да тығыз кесте бойынша Вашингтон, Денвер қалаларында болдық. Басқа да қатысушылармен түрлі шаралар аясында қоян-қолтық жұмыс істеу барысында спорттың бізді қаншалық жақындастыра алатынын түсіндік», - дейді қызылордалық Әйгерім Ақпан. Ал "Тараз» баскетбол клубының жаттықтырушысы Татьяна Гончарованың айтуынша, бұл бағдарлама Қазақстанда өз жалғасын таппақ. Олар енді Бурабайдағы «Жақсы» спорт базасында әйелдер баскетболынан жастар арасындағы алғашқы шеберлік сабақтарын өткізгелі отыр.
Жалпы бұл бағдарламаның басты мақсаты - қыз-келіншектерді спортқа көптеп тарту. Қазақстандық спортшылар мен бапкерлердің АҚШ-тағы сапары 3 аптаға созылды. Оған қатысушылар көшбасшылық қабілетіне, спортқа бейімдігіне және ағылшын тілін меңгеруіне қарай іріктеліп алынған көрінеді. Спортшы қыздардың айтуынша, онда олар американдықтардың тыныс-тіршілігі, мәдениеті және спорттың АҚШ қоғамындағы рөлімен танысқан. Баскетбол ойнаудың қыр-сырын үйрену, топтаса ойнай білу және көшбасшылық тренингтері мен өзге де семинарларға да қатысып, спортқа қатысы бар қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездескен. Сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен жүздесіп, суретке түскен.