Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы мен республикалық «Жұлдыз» балалардың қоғамдық ұйымдары одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен, облыстық білім басқармасының қолдауымен өткен шара Елбасының «Болашаққа көзқарас: қоғамдық сананы жаңғырту» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Оған ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Нұр Отан» өкілдері, зерттеушілер, балалардың қоғамдық бірлестігінің көшбасшылары, мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығы, мұғалімдер, психологтар, түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Мұндай шаралар балғындардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға зор мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштікті, әлеуметтік және бастамашыл құзыретті азаматтың бет-бейнесін қалыптастыру болып табылады. Бұл Елбасы мақаласында көтерілген мәселелерді іске асырудың бірден-бір жолы», - деп атап өтті республикалық «Жұлдыз» балалардың қоғамдық ұйымдары одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Елена Дмитриенко.
Үш күнге жалғасқан саммитте Ақмола облысындағы 30-дан астам балалар ұйымдарының өкілдері үшін түрлі қызықты шаралалар өткізілді.
Саммиттің алғашқы күнінде Ақмола облысы мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері «Адал ұрпақ-2017» слетін ұйымдастырды. Одан әрі «ХХІ ғасырдың балалары мәдениет пен бейбітшілік жолында» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұласты. Онда балалар ұйымдарының жетекшілерінің өз тәжірибелеріне сүйене отырып, жастардың құқықтары мен мүмкіндіктері туралы жасаған баяндамалары тыңдалды.
Шара ересектер мен балаларды марапаттау және көшбасшылардың балымен мәресіне жетті.