Димаш Құдайберген Михаил Шайдоровқа көлік сыйлады

Фото: видеодан салынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровқа темір тұлпар сыйлады. Бұл сыйлықты Димаш Instagram парақшасында жариялап, Шайдоровтың Олимпиададағы жеңісіне құрметін білдірді.

Өнер иесі жазбасында Шайдоровтың өнерін жоғары бағалап, оның жеңісін бүкіл ел үшін маңызды оқиға ретінде атап өтті. Әнші жазбасында:

-Құрметті ағайын, не деген мереке, не деген той! Мұз үстіндегі қимылың мен өнерің тек чемпион ғана емес, бүкіл жұртқа үміт пен рух, шабыт сыйлаған үлкен азаматқа айналдырды. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң — халқымыздың өкінішке қарай, маңдайына сыймай кеткен асыл перзенті Денисімізді жоқтатпай, ағаңның алдындағы борышыңды, еліміздің, халқымыздың алдындағы міндетіңді жоғары деңгейде өтедің, — деп жазды Димаш Құдайберген.

Сондай-ақ, әнші Олимпиадада өзінің орындауындағы әнді таңдағаны үшін алғысын білдіріп, чемпионға жеке атынан автокөлік сыйлайтынын айтты:

- Болашақта жолың жарқын болсын, әлемді бағындырып, жаңа биіктерге жет! — деп жеткізді ол.

Бұдан бұрын Президент Михаил Шайдоровты II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттағанын жазған едік.

Қазақстан Әнұраны араға 32 жыл салып қысқы Олимпиада төрінде тағы шырқалды.

Осылайша Қазақстан жалпы есепте 15-орынға көтерілді.