Бурабайда екі бес қабатты үй мереке қарсаңында сусыз қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті билік бүгін түске дейін су беруге уәде берді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: unsplash

Бурабай курорттық ауылындағы бес қабатты екі үй сусыз қалды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, екі күннен бері пәтерлеріне су берілмеген. Жаңа жылға дейін де бірнеше рет су келмей қалған. 30 желтоқсанда да тұрғындар сусыз қалған.

Үй тұрғындары наразылықтарын білдірді.

Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов тұрғын үйдегі кәріз жүйесі бітеліп қалғанын түсіндіріп, түске дейін су берілетініне уәде берді.

Дәл осындай жауапты «Жаңа Тұрмыс 2020» ЖШС де берді.

— Бірінші қабаттарда дәретханадан кәріз жүйесі көтеріле бастағандықтан, түнде су сөндірілді. Үй орталық канализацияға жақында, былтыр жазда қосылды. Адамдарда кәріз жүйесін пайдалану мәдениеті жоқ. Ол жерден бірнеше шүберек, тіпті орамал шығардық. Қазір біздің қызметкерлер кәріз жүйесін тазалап жатыр, одан кейін су қосылады. Түске дейін бәрін жасауға тырысамыз, — деп түсіндірді ведомство.

Қазіргі уақытта әкімдіктің мәліметінше, тұрғын үйлерге су тартылған.

Осыған дейін Жаңа жылға бір күн қалғанда сол Бурабай ауданында Баянбай ауылының тұрғындары ауыз сусыз қалған болатын.

Еске салсақ, бұған дейін Бурабай ауданында саяжай өртенгенін жазған едік.