Бурабайда құтқарушылар зейнеткерді таудан түсірді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Бурабай курортында тауға шыққан зейнеткер өздігінен төмен түсе алмай құтқарушылардың көмегіне жүгінді.

Фото: ТЖМ

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 66 жастағы зейнеткер әйел Красный Яр аулының тұрғыны. Бурабайға демалуға барған.

Фото: ТЖД

“Бүгін жедел-құтқару жасағының қызметкерлері 1958 жылғы әйелді Бурабай курортындағы Көкшетау тауынан түсірді. Зейнеткер 300 метр биіктікте көтеріліп, аяғын жарқаттап алған. Сол себепті, өздігінен төмен түсе алмай құтқарушылардың көмегіне жүгінді. Құтқарушылар зейнеткерді зембілмен түсіріп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды”, - деді ведомстводан.

Осы ретте, ТЖД қызметкерлері демалушылардан таудағы қауіпсіздік шараларын сақтауды және төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» жедел желісіне қоңырау шалуды сұрайды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабайда таудан түсе алмаған үш турист құтқарылғанын жазған едік.