Маусымнан тыс уақытта туристерді өңірге барынша тарту мақсатында ұйымдастырылып отырған шараға Ақмола облысы əкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков, облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбаев, сондай-ақ, өңірдегі 16 отель өкілдері қатысты. Сондай-ақ, фестивальге Қазақстандағы Польша елшілігінің өкілдері де келді.
«Ақмола облысы өзінің табиғи-климаттық жағдайымен, курортты əлеуетімен, сауықтыру орындармен дүниежүзіне танымал. Осы күні облысымыз отандық туристерге ғана емес, шетелдік қонақтарға жоғары сапалы туристік қызмет көрсете алады. Маусымнан тыс уақытта туристерді өңірге көптеп тарту мақсатында ұйымдастырылған шарада ересектер мен балаларға түрлі көңіл көтеру шаралары қарастырылған. Танымал диджей жəне эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді», - деді облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Бүркітбаев.
Еске сала кетейік, ұйымдастырушылар шараға 1000 жуық адам қатысады деп жоспарлап отыр. Осы күн туристер үшін Бурабайдағы қонақ үйлер 50 пайыз жеңілдіктер ұсынады.
Осыған дейін Бурабай баурайында «Four Seasons» имидждік жобасы аясында бақшашылардың «Табиғаттың сыйы», асыл тұқымды аңшы иттер мен төбеттердің «Қансонар» фестивалі өтіп, туристердің қызығушылығын арттырған болатын. Алда аңшы құстар мен ертегілер фестивалін өткізу жоспарланып отыр.