Бурабайда өтетін ТМД Үкімет басшылары кеңесіне 7 ел қатысуын растады
«Отырысқа қарқынды дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Отырысқа қатысатынын жеті елдің үкімет басшысы растады», - деп ақпараттандырды Сергей Лебедев.
ҮБК-нің қарауына елдердің бірінші кезекте экономикалық саладағы ынтымақтастығын регламенттейтін құжаттардың 20-дан астам жобасы шығарылған. «Бірінші мәселе - ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қаржы-экономикалық саласындағы маңызды мәселелерді шешу бойынша Бірлескен іс-қимыл жоспарын қарастыру болмақ», - деді ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы.
ҮБК-нің күн тәртібінде басқа да көптеген мәселелер бар. Осылайша, үкімет басшылары алдағы он жылда орман шаруашылығы және орман өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын анықтайды. ТМД мемлекеттерінің аймақаралық және шекара маңы ынтымақтастығы концепциясының 2020 жылға дейінгі кезеңдегі жобалары мен оларды іске асыру бойынша шаралар жоспары қарастырылмақ. Бұдан басқа, қарауға зияткерлік меншік саласындағы кадрларды даярлау, кәсіби қайта даярлау және кәсібилігін арттыру мемлекетаралық жүйесін қалыптастыру және дамыту Концепциясының жобасы енгізіліп отыр.
Сондай-ақ гуманитарлық сипаттағы құжаттар блогы дайындалды. Атап айтқанда, үкімет басшылары 2016-2020 жылдары мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың негізгі шараларының жобасын қарастырады.
Қауіпсіздік саласында ТМД елдерінің аумақтарында халықаралық бағытта тасымалдау, радиациялық, химиялық және биологиялық жағдайды бақылау және бағалау, Достастық елдерінің қарулы күштерінде әскери-қолданбалы спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланады.