Бурабайда өтетін халықаралық «Айбын» жиынына 6 елдің командалары қатысады

АСТАНА. KAZINFORM — «Айбын» халықаралық жастар жиынына қатысушыларды қарсы алуға дайындық қызу жүріп жатыр, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қорғаныс министрлігі

21-27 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командаларының қатысуымен XII халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді.

Жарыстың негізгі кезеңі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында өтеді. Сондай-ақ мұнда жиынға қатысушылар орналастырылып, жарыс алаңдары жабдықталады. Нысандардың дайындығын тексеру мақсатында полигонға Қорғаныс министрлігінің жұмыс тобы барды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс ведомствосының өкілдері іс-шараны өткізуге арналған нысандардың сапасы мен дайындығын бағалап, қажетті инфрақұрылымды салу және жабдықтау жұмыстарын жүргізіп жатқан Қарулы күштердің құрылымдық бөлімшелерімен үйлестіру мәселелерін талқылады.

— Біздің бағалауымыз бойынша, жұмыстардың 70 пайызы орындалды. Әскери-қолданбалы және спорттық жарыстарға арналған алаңдар, саптық плац жабдықталды, санитарлық аймақ абаттандырылды. Мәдени-демалыс шараларын өткізу үшін жазғы амфитеатр салынды, — деді топ жетекшісі, Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері полковник Дәулет Бейсеков.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазір полигонда шатырлы қалашық пен асханаларды жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын. Қонақтардың жайлы әрі қауіпсіз болуы үшін 40 орындық 66 шатыр және 20 орындық 8 шатыр орнатылды. Қатысушылардың медициналық қызметі мен қауіпсіздігін медициналық қызметтер мен әскери полиция бөлімшелері қамтамасыз етеді. Жарыстарға төрелік ету үшін Қарулы күштер әскери бөлімдерінің спорт мамандары мен нұсқаушылары тартылды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Іс-шара ұйымдастырушылары жас патриоттар үшін мазмұнды бағдарлама дайындаған. Әскери-қолданбалы жарыстармен қатар, зияткерлік және шығармашылық байқаулар, сондай-ақ қызықты мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Халықаралық іс-шараны жоғары деңгейде өткізу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Бұдан бұрын әскери жоғары оқу орындарын үздік бітірген түлектерге әскери атақ беру тәртібі өзгергенін жазғанбыз.