Бурабай курортында ұйымдастырылған бесінші Charity Tour de Burabaу қайырымдылық велошеруіне осы жолы 1500-ден аса адам қатысты. Оның ішінде 718 қатысушы 30 шақырым жолды велосипедпен жүріп өтті.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысты.
«Charity Tour de Burabay елімізде велосипед спортын насихаттап, дамуына үлес қосуда. Сондай-ақ, науқас балалардың ем алып, оңалтуына да ерекше көңіл бөліп отырғанымызды байқатып отыр», - деп атап өтті министр өз сөзінде.
Сонымен қатар, шараға Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Галина Воскобойникова және Якуб Вуйсен сияқты танымал спортшылар қатысты. Қайырымдылық велошеруінен 160 миллион теңге қаржы жиналды.
«Astana Pro Team» командасының бас менеджері Александр Винокуров ізгі бастаманың жүзеге асуына қолғабыс еткендердің барлығына алғысын білдірді. «Astana Pro Team» командасы бұл іс-шараны жылда кеңінен қолдап отыратынын атап өту қажет.
Айта кетейік, бес жыл ішінде жиналған қаржы сомасы 14 есеге артып, 463,5 миллион теңгені құрады. Ал қатысушылардың саны 7 есеге артты.