Аталған байрақты бәсекеге Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Эквадор, Аргентина, Жапония, Тайпей, Беларусь, Израиль және Германия тәрізді мемлекеттерден келген триатлоншылар қатысып, бақ сынады.
Облыстық спорт басқармасының мәліметі бойынша жарыста олимпиада жолдамасы сарапқа салынды.
Алдымен жарыс жолына жастар шықты. Айнакөл көлі суының температурасы 11 градус деңгейінде болғандықтан жарыстың техникалық делегаты филиппиндік Рейчел Рибо үшсайысшыларды суда жүзудің орнына қосымша 2,5 шақырым жүгіруге алмастыру жөнінде шешім қабылдады.
Осы жарыста қостанайлық Никита Курганский мен көкшетаулық Денис Туницкий арасында бірінші орын үшін күрес тартысты өтті. Соңғы сәттерде қарсыласын қапы қалдырған Денис мәреге 14 секунд бұрын жетті.
Ерлер арасында өткен жарыста қарсыластарынан оқ бойы озған германиялық триатлоншы Максимилиан Швец бірінші келсе, ресейлік Андрей Моисеенко мен тағы бір неміс спортшысы Валентин Вернз екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.
Ал, әйелдер арасында өткен жарыста Бурабайда маңызды ұпай жинауды көздеген аргентиналық Ромино Виогиоли мен эквадорлық Элизабет Бравоны сан соқтырған ресейлік Анастасия Полянская бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші келген Элизабет Браво олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Аргентиналық Ромина Виогиоли жүлделі үшінші орынды місе тұтты.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың маусым айында Көкшетауда Азия кубогінің тағы бір кезеңі өтеді жоспарланған.