Бурабайдағы Табиғат мұражайына жыл басынан бері 70 мыңнан астам турист келді
Бурабай туристер үшін тартымды аймақ. Табиғаты тамылжыған курортты өлкенің мақтанышы – «Визит» орталығында орналасқан Табиғат мұражайы. Екі жүзге жуық жәдігер сақталған мұражайды жыл басынан бері 70132 адам келіп көрген, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Мұражай маманы Марал Сәдуақасованың айтуынша, мәдениет ошағы 1960 жылы «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының базасында сол кездегі Боровской орман шаруашылығы директоры Николай Черепановтың бастамасымен ашылған. Бастақыда жұпыны ғана, бірен-саран жануар мен құстың тұлыбы болған. Кейін 1963 жылы қалпынан келтірілген орманшылардың үйі - екіқабатты ағаш ғимараттың ішіне орналастырылады. 1976 жылы мұражай бұрышы ашылып, жұмысын бастайды. Қазір кезде мұражай аумағы 5,6 гектарды құрайды, оның тең жартысын орман алып жатыр.
Табиғат мұражайы минералогия, қылқан жапырақты ормандар, сулы-батпақты жерлер және жапырақты ормандар мен дала тәрізді төрт залдан тұрады. Қазіргі уақытта мұражай заманауи инсталляцияда ұсынылған тастардың, өсімдіктердің, саңырауқұлақтардың, құстардың және жануарлардың барлық экспонаттарымен толықтырылған. Мұнда қарағай ормандарын мекендейтін құстар мен жануарлар туралы ақпарат алуға болады. Қазіргі уақытта ұлттық парктің аумағын 200-ден астам құстар мен жыртқыш аңдар мекендейді екен.
Сонымен қатар, Бурабайда жеті жүзден астам өсімдік өседі. Олардың қырықтан астам түрі адам ағзасына, соның ішінде жүрек-қан тамырлары, бүйрек, өт, бауыр, тыныс жолдары және тағы басқа ауру түрлері үшін таптырмас ем. Олардың ішінде 15-і Қызыл кітапқа енгізілген сирек өсімдіктер.
Тарихпен тілдескің келсе музейге бар деген тәмсіл бар. Шынында да, өткенге көз жүгіртіп, бүгіннен сабақ алу үшін жауһар жәдігерлер қойылған мекеннің орны бөлек. Табиғат мұражайы Бурабай курортты аймағының визит картасы болып табылады. Осы мұражайда болғандар ұлттық саябақтың жануарлар әлемі мен өсімдіктер әлемі, табиғатты қорғау бойынша қабылданатын іс-шаралар мен Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген жануарлар жайындағы толық мәліметті біле алады.
– Табиғат мұражайында 175-ке жуық жәдігер сақталған. Өткен жылы мұражайға барлығы 77500 адам келсе, биылғы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш 70132 адамды құрады, - дейді мұражай маманы Марал Сәдуақасова.
Адамзатты табиғатпен жақындау, сонымен қатар табиғатты қорғау бойынша іс-шараларды насихаттау мұражай экспозициясының идеясы болып табылады. Мұражай топтамасында ғылыми және танымдық құндылыққа ие болатын бірегей экспонаттар жиналған.
«Бурабай даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мамандарының мәліметінше, мұражайдың үш көрмелік залдарында аймақтың жануарлар әлемі көрсетілген: сүтқоректілер, құстар, жәндіктер, жалпы 1 500 экспонат бар.
Бірінші залда аумақтың даласы мен ормандарда жануарлар тұлыптары көрсетілген, осында жәндіктердің үлкен топтамасы орналасқан.
Екінші зал келушілерді жануарлар әлемінің құстарымен таныстырады, осында суда жүзетіндердің 32 түрі мен шабындық құстардың 19 түрі көрсетілген. Барлық тұлыптарды жоғары білімді таксидермист шеберлер жасаған, олар жануарлар мен құстардың табиғи өмірінен алынған көріністерге ұқсас табиғи қалыпта жасалған.
Үшінші зал аймақ жануарлар әлеміне арналған, мұражай стендерінде гербарий, тұқым топтамасы орналасқан, ағаштар көрнекті көрсетілген.
Жәдігерлердің арасында аю, сілеусін, бүркіт, үкі, аққу, көкқұтан тәрізді жаунарларлар мен құстардың тұлыбы құнды болып табылады.
Жеке экспозиция Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Бурабайда өмір сүрген және жұмыс істеген атақты ғалымдар мен академиктер жайында айтады, осында жеке заттар, кітаптар, құжаттар және фотоматериалдар көрсетілген.
Мұражай ғимаратында қазіргі кездің инфрақұрылымы бар, келушілер кафе, интернет-орталығының, конференц-залының қызметін пайдалана алады. Осы жерде ұлттық саябақтың бай табиғатына арналған лекциялар мен шолу экскурсиялар үнемі өткізіледі.
«Табиғат мұражайы» аумағында арнайы хайуанаттар бағы ашылған, онда табиғат жағдайына ұқсас кең торлы жайларда түйе, бұғы, пони, елік, суыр, борсық, қабан тәрізді жануарлар мекен етеді. Жеке торлы жайларда түйеқұс, тауыс, аққу, үйрек, қаз, тырна тәрізді құстарды көруге болады. Хайуанаттар бағында аю, қасқыр, түлкі тәрізді жыртқыш аңдар да бар.
Сонымен бірге бұл хайуанаттар бағы түрлі жағдайларға тап болған аң-құстардың уақытша паналайтын мекені болып табылады. Қазіргі кезде мұнда жүзге жуық жануарлар мен құстардың 40 түрі бар. Олар табиғи ортасына жіберілмес бұрын алдымен осында бейімделеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабай ұлттық паркінде қанаты қайырылып, ұша алмай қалған қырғи құтқарылғанын жазған едік.