Бурабайдағы көлдерге 60 мыңдай тұқы шабағы жіберілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің мамандары Шортанды, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдеріне 60 мыңға жуық тұқы шабағын жіберді. Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Президенті Іс Басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Біз ұлттық парк аумағындағы су айдындарына балық жіберуді берілген ұсынымдарға сәйкес тұрақты негізде жүргіземіз. 2010-2019 жылдар аралығында көлдерге 477 мың тұқы шабағы мен 19 миллионнан астам ақ балық тұымдас рипус пен пелядь майшабақтарын жібердік. Кейін пандемияға байланысты жұмыс уақытша тоқтатылған-ды. Биыл қайта қолға алып, парктегі ең үлкен үш көлді тұқы балығымен толтырдық», - деді «Бурабай» МҰТП инженер-ихтиологы Максим Пак.

Тұқы – «Бурабай» МҰТП көлдерінің ихтиофаунасына бейімделген бағалы балық түрі. Ғылыми қызметкерлердің пікірінше, оның көбейгені көлдердің экожүйесіне жағымды әсер етеді.

«Әр балықтың орташа салмағы – 25 г. Алты айда біршама жетілген балықтардың суықта аздап салмағы азайғанымен, қысты жақсы өткізеді», - дейді жануарлар дүниесін қорғау және молайту бөлімінің мамандары.

Ұлттық парк көлдеріне қандай балық түрін жіберуді, ұсынылатын балық аулау лимитін осында жыл сайын зерттеу жүргізетін «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің аумақтық филиалы айқындайды.

Айта кету керек, Президент Іс Басқармасына қарасты «Бурабай» ұлттық табиғи паркі – республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аймақ жүйесіне кіретін мемлекеттік табиғат қорғау мекемесі.