Аталған ескерткіш ол қызмет еткен 2022 әскери бөлімі аумағында бой көтерді. Гүл шоқтарын қою рәсіміне қаза болған жауынгердің туған-туыстары қатысты. Еске алу рәсімінде бір минут үнсіздік жарияланды, зеңбіректен оқ атылды. А.Қазиев 12 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Буран» десантты-шабуылдаушы топтың қатарынан бірінші құрбан болып отыр.
Қайғылы оқиға ағымдағы жылдың 26-шы маусымында Кеген шатқалында Қазақстаннан Қырғызстанға контрабандылық дизель жанармайын тиеген автоцистерна көлігін ұстау кезінде орын алған. Ұсталғандардың арасында екі елдің де азаматтары болған. Бұл оқиға бойынша тергеу жұмыстары әлі жүріп жатыр, сол себепті ол жайында мағлұмат алдын ала берілмеген.
А.Қазиев ұсталған көліктердің бірінде отырған. Соңғы шепте келе жатқан КамАЗ ауыр жүк көлігінің тежегіші істен шығып, көп тонналы көлік өртке қауіпті жүгімен алдыңғы лекке қауіп келтірген. Сол сәтте Ардақ басқарудан шыққан машинаны тау жолымен түсіп келе жатқан алдыңғы көліктерден басқа жаққа бұрып үлгерген.
Қызылордададан келген қаһарман шекарашының әкесі Оразбек Қазиев Ардақтың екі жыл Жаркентте әскери борышын өтегендігін айтады. Үйіне жазған бір хатында ол әскери қызметін келісімшарт бойынша жалғастырғысы келетіндігін жазған. Ата-анасы баланың шешіміне қарсы болмаған.