Министрліктің мәліметінше тексеру қызметкер Қаратай Әлібектің өтініші негізінде жүргізілді.
Тексеру барысында өтініш берушінің уәждері толықтай расталды.
— Жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының талаптарын жүйелі түрде сақтамау фактілері анықталды. Атап айтқанда, жұмыскерлердің келісімінсіз жалақыдан заңсыз ұстап қалу, жалақыны жүйелі түрде кешіктіру, нақты жұмыс істеген уақытты есепке алмау және мереке әрі демалыс күндеріндегі еңбекақыны жоғарылатылған мөлшерде төлеу талаптарын сақтамау фактілері тіркелді. Сонымен қатар, ауысым кестелері жұмыскерлерге заңмен белгіленген мерзімдерді бұза отырып жеткізілген, — делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ инспекторлар компанияның жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпегенін, ал персоналдың еңбекті қорғау бойынша міндетті нұсқамалардан өтпей-ақ өз міндеттерін орындауға жіберілгенін анықтады.
Тексеру қорытындысы бойынша «QSR» ЖШС-не барлық анықталған бұзушылықты міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді.
Заңды тұлғаға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87, 93 және 94-баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Жағдай жұмыскерлердің еңбек құқықтары толық қалпына келтіріліп, берілген нұсқамадағы шаралар орындалғанға дейін мемлекеттік еңбек инспекторларының бақылауында болады.
Айта кетелік еңбек шартын тіркеуге қатысты жаңа талаптар мен жауапкершілік енгізіледі.