Кей қалалардағы мұғалім, дәрігер мен әлеуметтік қызметкерлер жалақысы өсті

АСТАНА. KAZINFORM – Үкіметтің 2025 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындар қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне толықтыру енгізілді. 

Фото: Kazinform

Құжатқа сәйкес, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында жұмыс істейтін мамандардың жалақысы көбейді. Бұл өзгеріс мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, бұрын ауылдық елді мекен мәртебесіне ие болған қалаларда орналасқан ұйым қызметкерлеріне қатысты.

Осылайша олардың жалақысы 25 пайызға ұлғайды. Қосымша ақы елді мекен мәртебесі өзгерген күннен бастап екі жыл ішінде төленеді.

Қаулы 2025 жылғы 24 шілдеден бастап күшіне енеді және 2024 жылғы 10 қаңтардан кейін туындаған құқықтық қатынасқа қолданылады.

Айта кетейік, елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 90 мың теңгеден асуы мүмкін.