Бұрынғы қорғаныс министрі Жапонияның жаңа премьер-министрі болады

Фото: Фото: Tomohiro Ohsumi

АСТАНА.KAZINFORM — Жапонияның либералды-демократиялық партиясы (ЛДП) жаңа көшбасшы сайлады. Бұл жапон саясатының ардагері Сигэру Исиба, ол сонымен бірге Жапонияның келесі премьер-министрі болады, өйткені ЛДП парламентте басым дауысқа ие, деп жазады ВВС.

Премьер-министр Фумио Кисида өткен айда қайта сайлауға түспейтінін жариялағаннан кейін тоғыз кандидат партия басшысы лауазымына таласты.

ЛДП Жапонияны соғыстан кейінгі жылдарда ұзақ басқарды. Партия көшбасшысын ауыстыру қиын болды. Себебі партия іші соңғы уақытта жанжалдар мен ішкі кикілжіңге толы болды, бұл партия ішіндегі бірнеше ықпалды фракцияның таралуына әкеп соқты.

Қоғамдық сауалнаманың көпшілігінде 63 жастағы Исиба көш бастады. Бұл оның ЛДП-ны басқаруға жасаған бесінші әрекеті және ол бұл жолы жеңілсе, болашақта партияны басқаруға тағы да ұмтылатынын айтты.

Исибаның либералды көзқарасы партияластары арасында үнемі қолдау таба бермейді.

Мәселен, ол әйелдердің император тағына отыру мүмкіндігін жақтауымен танымал. Бұл — жапон қоғамы үшін өте нәзік әрі даулы мәселе. Ал ЛДП мүшелерінің көпшілігі бұған қарсы.

Исиба сондай-ақ бұрынғы партия жетекшісі және премьер-министр Фумио Кисиданы бірнеше рет және көпшілік алдында сынға алды, мұндай жағдай жапон саясатында көп кездесе бермейді.

Исибаның екінші турдағы қарсыласы Санаэ Такаити, керісінше, партияның ең консервативті қанатына жатады.