- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, заңды тұлғаның басшысы туралы мәліметтерді өзгерту хабарлама тәртібімен жүзеге асырылады және «электронды үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асады. Дегенмен тиісті өзгерістерді енгізудің қолданыстағы тетігі заңды тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалануды көздейді. Осыған байланысты мүлік иелері бірлестігі төрағасы қайта сайланған кезде нақты мәселе туындайды: бұрынғы төраға заңды тұлғаның ЭЦҚ-сын беруден бас тартқан немесе оған қолжетімділігін сақтап қалған жағдайда жаңа басшының өзі туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерге енгізу мүмкіндігі бола бермейді, - деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, соның нәтижесінде үй-жай меншік иелерінің басшыны қайта сайлау туралы шешімі мен «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорындағы басшы туралы өзекті мәліметтер арасында сәйкессіздік туындайды. Бұл ретте жаңадан сайланған басшының өкілеттіктерін растауға тікелей байланысты емес. Өйткені оның өкілеттіктері меншік иелерінің тиісті шешімі негізінде туындайды. Мәселе тек тіркеу деректерін жаңартудың қолданыстағы техникалық тетігіне байланысты болып отыр.
- Осы мәселені шешу үшін бұрынғы төрағаның ЭЦҚ-сын беруіне тәуелді болмай, МИБ-тің жаңадан сайланған төрағасы туралы мәліметтерді растауға және тіркеуге мүмкіндік беретін цифрлық тетікті енгізу мүмкіндігін қарастыру орынды, - деді Рақымжан Исақұлов.
Осы ретте ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпараттық жүйенің қолданыстағы функционалын ескере отырып, «электронды үкімет» веб-порталында мынадай мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін жеке функционал енгізуді ұсынады:
1. үй-жай меншік иелерінің жиналыстары мен дауыс беру рәсімдерін электронды форматта өткізу және дауыс беруге құқығы бар тұлғаларды автоматты түрде анықтау;
2. мемлекеттік ақпараттық жүйелермен ықпалдастыру арқылы үй-жай меншік иелерінің жеке басын сәйкестендіру;
3. МИБ-тің жаңа басшысын сайлау туралы шешімді тіркей отырып, жиналыстың электронды хаттамасын қалыптастыру;
4. Бұрынғы төрағаның ЭЦҚ-сын пайдаланбай, жаңадан сайланған басшы туралы мәліметтерді «Заңды тұлғалар» мемлекеттік дерекқорының ақпараттық жүйесіне беру.
- Аталған тәсілді іске асыру үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тиісті ақпараттық жүйені Әділет министрлігінің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен ықпалдастыру мәселесін пысықтау қажет. Сонымен қатар бұл мәселе бойынша «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңға түзетулер енгізу қажет. Атап айтқанда, МИБ-тің бірінші басшысын ауыстыру жағдайына қатысты ерекше тәртіп белгілеу ұсынылады, - деді вице-министр.
Бұған дейін Мүлік иелері бірлестігі төрағаларының құзыретіне қатысты бірқатар дәл емес әрі екіұшты ұғымдар анықталғанын жазған едік.