Алтын, марганец және бериллий
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында жер қойнауын пайдалануға берілмеген қатты пайдалы қазбалардың 8 резервтік кен орны бар. Олар — Болдықкөл, Есімжал, Есімжал-Дәулетпай, Есімжал-Оңтүстік Қостарақ, Есімжал-Ұзынбұлақ, Қаражал, Шорское кен орнының Шығыс учаскесі және Байболат.
Олардың бір бөлігі Абай облысына, енді бірі Павлодар облысына қарайды.
Павлодар облысының Май ауданында орын тепкен Болдықкөл кен орнының негізгі байлығы — үгілу қыртысындағы алтын. Бұл учаске бойынша бұған дейін аукцион өтіп, оның жеңімпазы ретінде «BKO SMART» ЖШС анықталған.
Абай облысының Семей қаласы әкімдігіне қарасты аумақта орналасқан Есімжал, Есімжал-Дәулетпай, Есімжал-Оңтүстік Қостарақ және Есімжал-Ұзынбұлақ кен орындарында негізгі пайдалы қазба — марганец.
— Олардың ішінде Есімжал және Есімжал-Дәулетпай учаскелері бойынша да аукциондар өткен. Жеңімпаздар ретінде тиісінше «General WAY» ЖШС және «Qaz Manganese» ЖШС танылған. Ал Қаражал кен орны да Абай облысының Семей қаласы әкімдігіне қарасты аумақта орналасқан. Оның негізгі пайдалы қазбасы — бериллий. Шорское кен орнының Шығыс учаскесінде күміс, мыс және молибден бар. Алайда бұл учаскеге қатысты сот талқылауы әлі аяқталған жоқ, — делінген ақпаратта.
Ал Павлодар облысының Май ауданындағы Байболат кен орнында алтын құрамды кен бар.
Бұдан бөлек, бұрынғы полигон аумағында кең таралған пайдалы қазбалардың да резервтік орындары бар. Мысалы, Май ауданындағы Ковыльное кен орнында құрылыс тасы, ал Керегетас кен орнында қаптама тас қоры орналасқан.
Қазір кім кен өндіруге құқылы?
Осы ретте, Kazinform тілшісінің бірқатар сауалына ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан жауап берді.
— Бүгінде бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған екі жер қойнауын пайдалану келісімшарты қолданыста. Біріншісі — «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-мен жасалған. Компанияға Қаражал кен орны бойынша 2006 жылғы 10 сәуірдегі № 2008 келісімшарт негізінде флюорит өндіру құқығы берілген. Екіншісі — «Алтын Групп Қазақстан» ЖШС-мен жасалған келісімшарт. 1999 жылғы 4 наурыздағы № 299 келісімшарт компанияға Бесшоқы кен орнында бағалы және түсті металдарды өндіру құқығын береді, — деді ол.
Полигон аумағындағы барлық анықталған кен орындары қазіргі таңда өндірістік игеруге берілген деген сөз емес. Көптеген учаскелер әлі де резервте тұр немесе барлау кезеңінде.
Бұрынғы полигон аумағында қазір де қатты пайдалы қазбаларды барлау жұмыстары жүргізілуде.
— Мәселен, «ZHAMBAS-PV» ЖШС Жамбас алаңында 2016 жылғы № 4815 келісімшарт негізінде мыс кендері мен асыл металдарды барлап жатыр. Ал «Алтын Групп Қазақстан» ЖШС № 299 келісімшарт бойынша Найманжал алаңында алтын мен күмісті, сондай-ақ Найманжал аймағында қатты пайдалы қазбаларды барлау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар полигон аумағында қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген бірқатар лицензиялар да қолданыста. Олардың иелері арасында отандық және шетелдік жер қойнауын пайдаланушылар бар. Компаниялар туралы мәліметтер minerals.e-qazyna.kz бірыңғай ақпараттық платформасында жарияланған, — деді Иран Шархан.
Үлкен Қарашоқы алтын кеніші игеріле ме?
Бұған дейін ақпарат кеңістігінде «Altyn Group Qazaqstan» компаниясының Үлкен Қарашоқы алтын кен орнын игеру жоспары туралы мәлімет тараған болатын. Алайда вице-министр өз жауабында компанияға дәл кен орнын игеру құқығы берілмегенін айтты.
— Компанияның қолданыстағы № 299 келісімшарты оған Найманжал алаңында алтын мен күмісті барлауға және Найманжал аймағында қатты пайдалы қазбаларды барлауға құқық береді. Демек, барлау құқығы мен кен орнын өнеркәсіптік игеру құқығын бір ұғым ретінде қарастыруға болмайды, — дейді ол.
Экологиялық қауіпсіздік
Бұрынғы Семей полигонының ерекшелігіне байланысты мұндағы кез келген өндірістік жобада экологиялық және радиациялық қауіпсіздік мәселесіне баса мән беріледі.
Министрлік бұл бағыттағы қоғамдық бақылау Қазақстанның экологиялық заңнамасы аясында жүзеге асатынын атап өтті.
— Экологиялық кодекстің 73-бабына сәйкес, ықтимал әсер ету туралы есептердің жобалары ресми интернет-ресурстарда жарияланып, олар қоғамның танысуына кемінде 30 күн қолжетімді болуы тиіс. Сонымен бірге қоғамдық тыңдаулар туралы хабарландырулар қазақ және орыс тілдерінде БАҚ арқылы таратылады. Қоғамдық тыңдаулар аяқталғаннан кейін тиісті хаттама рәсімделіп, жергілікті атқарушы орган оны екі жұмыс күнінен кешіктірмей өзінің ресми интернет-ресурсында орналастыруы қажет, — делінген хабарламада.
Инвесторлардан жаңа ұсыныс түскен жоқ
Бүгінде полигон аумағында тау-кен байыту комбинатын немесе пайдалы қазбаларды қайта өңдейтін кәсіпорын салуға қатысты инвесторлардан өтінім немесе ұсыныс түспеген.
ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексіне сәйкес, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны аумағында жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге жалпы тыйым жоқ. Бірақ кез келген жоба экологиялық заңнама мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс.
Иран Шарханның айтуынша, министрлікке тиісті ұсыныстар түскен жағдайда оларды өз құзыреті шегінде қарауға дайын.
P/S: Осылайша, бұрынғы Семей полигонының жер қойнауы әлі де экономикалық қызығушылық тудыратын аумақ болып отыр. Мұнда алтын, күміс, мыс, марганец, бериллий және өзге де пайдалы қазбалардың қоры бар. Алайда олардың анықталғаны автоматты түрде игеріледі дегенді білдірмейді. Әр учаске бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы, геологиялық барлау нәтижелері, экологиялық талаптар және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жеке қаралады.
Еске салсақ, бұған дейін Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Президенттік орталықта арнайы көрме ашылғаны хабарланған.