Бүркіт баптайтын өрт сөндіруші: Құсбегілік арғы атамнан дарыды

Фото: Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейтін Дархан Абзалов қарбалас жұмыстан қолы қалт еткен әредікте құсбегілікті жанына медеу етеді.

«Қаршадайдан атпен серуендегенді ұнатамын»

Дархан Абзалов Глубокое ауданы Алтай кентіндегі № 21 өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы болып қызмет етеді. Жұмысы ауыр әрі қауырт.

Сонда да сүйікті ісіне уақыт табуға тырысады. Ал оның сүйікті ісі — бүркіт баптау.

— Туған жерім — Тарбағатай ауданы Тасбастау ауылы. Балдай балалығым, бозбалалық шағым сонда өтті. Қаршадайдан атпен серуендегенді ұнатамын. Одан соң аңшы итпен тау-тасты кезіп, аң аулағанды ерекше жақсы көретінмін, — дейді Дархан.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Кейіпкеріміз 2009 жылдан бері төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істеп келеді. Талай ірі өртті ауыздықтауға қатысқан.

— Өзгеге көмекке келіп, қолұшын созу деген нағыз бақыт деп есептеймін. «Қарғыс алма, алғыс ал» демекші, көмегіміз тигендер ризашылығын білдіріп жатқанда шабыттана түсесің. Сондықтан басқа жұмысқа ауысқым да келмейді, — дейді ол.

Қазақтың көнеден келе жатқан өнері

Дархан жұмыстан тыс уақытын қанатты серіктерімен өткізуге әуес. Соның бірі — Қандықөз. Сол бүркітімен өңірдің тау жоталарын кезіп, аң аулауға шығады.

— Жалпы құсбегілік маған әйгілі аңшы болған арғы атамнан дарыған. Бірақ нақты қолға алып, бүркіт ұстай бастағаныма 3 жылдан асты. Құс баптағанда басқаны ұмытып, бар ынта-шынтам соған бағытталады. Бұл қазақтың көнеден келе жатқан өнері ғой. Оны ары қарай жалғастыру бізге міндет деп санаймын, — дейді Дархан Абзалов.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жақында оның Түркістанда ұйымдастырылған бүркітшілер чемпионатына қатысып қайтқаны бар.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысында өткен Қазақстан Республикасының VIII чемпионатында да өз шеберлігін көрсетті.

— Петропавл қаласында жақсы нәтиже көрсеттік деуге болады. Бірақ сәл кедергілер болып, жүлдері орынға іліге алмай қалдық. Десе де болашақта жеңімпаздар қатарында көрінеміз деп сенемін. Соңғы жылдары Қазақстанда құсбегілікке деген қызығушылық артып келеді. Құсбегілер тек қырандарды баптап, кәсіби аңшылыққа үйретіп қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттайды. Осындай жарыстардың арқасында құсбегілікке қызығатындар саны көбейе түседі. Сондықтан жиі ұйымдастырылып тұрғаны құба-құп, — дейді Дархан.

Глубокое ауданында Наурыз мейрамына орай орталық алаңда және басқа да елді мекендерде түрлі шаралар қолға алынып жатыр.

Соларға өрт сөндіруші әрі құсбегі Дарханды шақырып жатқандар көп.

— Наурызға орай түрлі ұсыныстар, шақыртулар түсіп жатыр. Бірақ оған біздің қарбалас қызмет мұрша бере бермейді. Десе де бөлімге ұлттық киім киіп, бүркітімді ұстап барамын деп жоспарлап отырмын, — дейді кейіпкеріміз.

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан

Сөз соңында ол барша қазақстандықты Наурыз мейрамымен құттықтады.

— Әз Наурыз әр шақыраққа құт-береке, бақыт, қуаныш әкелсін. Еліміз дамып, өркендей берсін. Отандастарымыз биіктерді бағындырып, ел абыройын асқақтатсын. Әр үйде балақайлардың шат күлкісі тыйылмасын. Ұлыс оң, ақ мол болсын! , — дейді Дархан Абзалов.

Еске салсақ, бұған дейін ШҚО Күршім ауданында тұратын Райхан Нұрғазинованың тұшпара мен мантыны жасауды кәсіпке айналдырып, ауылда шағын цех ашқаны жайлы жазғанбыз.  

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан