ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда ауа райының бұзылатыны жөнінде ескерту жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 7 шілде күні кей жерлерде найзағай ойнап, солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Сондай-ақ, облыста бұршақ жаууы ықтимал. Орал қаласында да осындай ауа райы болып, желдің екпіні секундына 18 метрге дейін жетеді.
«Осыған байланысты өңірде ескерту жарияланып, тұрғындар арасында төтенше жағдайларды болдырмау, өмірлік маңызы зор нысандардың қалыпты жұмысын қамтамасыз ету бағытында шаралар алынуда», - деді БҚО ТЖ департаментінің жедел кезекшісі, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрболат Мұқажанов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).