Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов ҚазАқпарат жолдаған редакциялық сауалға берген жауабында мәлім етті.
«Бұрын басқа азаматқа тегін берілген жер учаскесін сатып алу - азаматтық-құқықтық мәміле. Азамат бұрын мемлекеттен бұл мақсатқа тегін жер алмаған болса, тегін учаске ала алады. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін тегін жер учаскелері бір рет беріледі», - деп жазылған ведомствоның жауабында.
Комитет басшысы ұсынған ақпарат бойынша, бүгінгі таңда 2 миллионға жуық адамның өтініші кезекке қойылған.
«Бұл сан күн сайын өзгереді. Ал облыстар бойынша кезек санын облыс әкімдіктерінен анықтау керек», - деп жазады Мұрат Теміржанов.
Өткен айда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев коммуникация желілерін тартқаннан кейін қазақстандықтарға 10 сотық жер телімін таратуда еш қиындық болмайтынын мәлім еткен болатын.