ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты есірткі сатумен айналысқан үш бірдей тұрғынға үкім кесті.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, бұрын түрлі қылмысы үшін бес рет сотталған 44 жасар тұрғын «бұл іске» өзінің екі танысын (оның біреуі әйел) тартқан. Олардың біреуі есірткі табумен, екіншісі сіріңке қорабына салумен, 34 жасар әйел сатумен айналысқан. Тергеу органдары әйелдің біріншіде 6 грамм, кейін 3 грамдай марихуана сатқанын анықтаған. Енді біреуінің мекенжайынан тінту кезінде 1736 грамм марихуана табылған.
Сот оларды ҚР ҚК 259-бабы 2-бөлігі бойынша айыпты деп танып, ұйымдастырушыны ерекше тәртіптегі колонияда 8 жыл 2 айға бас бостандығынан айырды. Екінші сыбайласына 4, әйелге 6 жыл жаза кесілді. Бұлар жалпы тәртіптегі колонияда жазасын өтейтін болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).