Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, көлік иелерінің бірі Кентау АПБ-нің кезекші бөліміне арызданған. Ол ұрылардың «Nexia» көлігін белгісіз біреулер ұрлап кеткенін, сөйтіп 1,5 млн теңге көлемінде шығын келтіргенін жеткізген. Бұған дейін осы тектес арыздар полицияға тағы үш тұрғыннан түскен. Олар да көліктерінің аулада тұрған жерінен қолды болғанын көрсеткен. Осылайша, 4 жәбірленушіге 6 миллионнан астам теңге көлемінде шығын келтірілгені анықталды.
Тәртіп сақшылары ұрыларды ұстау барысында жақын аймақтарды аралап шығып, көлік бөлшектерін сатып алушылар мен сатушыларды тексерген. Қала аумағындағы бейнебақылау камераларын көріп, ұрылардың ізіне түскен. Ізкесушілер көлік ұрланған жерлерде түскен қоңырауларды тексеріп, телефон арқылы күдіктінің біреуін Кентау қаласындағы көшелердің бірінен ұстады. Тергеп-тексеру барысында, оның сыбайласы Сайрамның тұрғыны екені және ол сезіктімен бірге түрмеде отырып шыққаны анықталды. Осылайша, полицейлер екінші көлік ұрлаушыны Сайрамдағы өз үйінен қолға түсірген.
Тергеу барысында ұсталғандардың екеуі де жасаған қылмыстарын толық мойындаған. Олар дабылқаққыштары жоқ көліктерді жымқырып отырған. Есіктерін ашу үшін темір сызғышты пайдаланған. Ұрланған машиналарды Сайрам ауданында екінші күдіктінің үйінде бөлшектеп, сатып жүргені дәлелденді. Түскен ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратқан.
«Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Қазіргі таңда екі күдікті де қамауда. Тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қыркүйек айының соңына дейін айыптау актісімен іс сотқа жолданбақ», - делінген хабарламада.