Бұрын маған кіргендердің бәрі бір-бір түйіндемені тықпалай беретін - Асанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда прокурорларды іріктеу жұмысымен тәуелсіз сарапшылар айналысады. Ал мамандардың біліктілігін бағалау барысында сарапшылардың өздері үміткерлердің есімдерін білмейтін болады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрын маған келетін адамдар ылғи біреудің түйіндемесін (резюме) тықпалай беруші еді. Енді, ондай әрекеттерге жол жоқ. Неге? Себебі қазіргі кезде біз мамандарды іріктеудің бірыңғай орталығын қалыптастырып жатырмыз. Оның жұмысына мен өзім кірісе алмаймын. Оған менің сөзім өтпейді. Себебі бағалау жұмыстарын тәуелсіз сарапшылар жүргізеді. Олардың өздері үміткерлердің кім екенін білмейтін болады», - дейді Бас прокурор.

Оның айтуынша, бүгінде прокуратура органдарына үздік мамандарды іріктеу шаралары да өз нәтижесін бере бастады. «Осының бәрі қазіргі жастарға қажет. Олар прокуратураға аға-көкесіз де жұмысқа тұруға болатынына көз жеткізулері керек. Өйткені біз бір сауалнаманы өткіздік. Сонда жастардың 93 пайызы прокуратураға қызметке тұру үшін таныс-тамырластар қажет деп жауап берген. Жоқ, олай емес. Барлығы жастардың өздеріне байланысты. Үміткердің білімі, кәсіби дайындығы, қоғамдық позициясы мықты болса, оны ешбір таныссыз-ақ жұмысқа алады», - деп атап көрсетті Ж.Асанов.

Айта кетейік, бүгін Астанада кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру мәселелеріне арналған жиында Бас прокурор осы ведомствоның жұмысына қолбайлау болып отырған негізгі мәселені атап көрсетті.  Сондай-ақ ол өзін-өзі өртеген адам үшін біліксіз мамандарды кінәлап,  жақында тағы үш прокурордың сотталғанын жеткізді.