Бұрынғы әлемдегі ең тажал полигонның бірі бүгінгі ядролық қарусыздану орталығына айналып отыр - Мәжіліс вице-спикері

АСТАНА. Сәуірдің 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бұрынғы әлемдегі ең тажал полигонның бірі бүгінгі ядролық қарусыздану орталығына айналып отыр.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан - бейбітшілік елі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толып отыр, осы уақыт ішінде біршама шаралар атқарылды. Бұрынғы әлемдегі ең тажал полигонның бірі бүгінгі ядролық қарусыздану орталығына айналып отыр. Мыңдаған адамның өміріне зиянын тигізген ядролық полигон жабылып, басқалар жете алмай жүрген, қолда бар қуатты қарудан ерікті түрде бас тартқанымызға әлем жұртшылығы әлі күнге дейін таңғалады. Әрине, осындай тарихта теңдессіз шараларды іске асырып, мемлекетіміздің бейбітшілік мекені ретінде танылуына Президент Н. Назарбаевтың еңбегі орасан зор. Кешегі жаһандық саммитте Елбасының халықаралық қайраткер ретінде түр-тұлғасы тағы да айқындала түсті», деді вице-спикер.

Оның айтуынша, Қазақстанның бүгінгі ядролық-экологиялық апат аймақтары 20-ғасырдағы қоғамдық формациялардың жер бетіндегі үстемдік орнатуындағы қарулану бәсекесінің құрбаны болып отыр.

«Ендігі мақсат ядролық қауіпке қатысты қарулану ойларын қайта болдыртпау, Қазақстанның бейбітшілік елі ретіндегі рөлін күшейту, Мемлекет басшысының осы бағыттағы бастамаларын баянды етіп, одан әрі дамыту тұрғысынан барынша қарымды қимылдау болып табылады», - деді Ж. Кәрібжанов.