Бұрынғы әйелін қолхатқа айырбастамақ болған алаяқ ұсталды
Қызылорда облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол полициясы көліктің жүргізушісі Орал қаласының тұрғыны Х.Б.-дан құжаттарды тексеріп жатқан уақытта көліктің артқы есігінен әйел «құтқарыңдар» деп айқайлап қашып шығып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Автокөліктің алдыңғы есігінен бейтаныс ер адам қыздың ізінен қуған, бірақ жете алмайтынын білген соң кейін қарай қашуға әрекет жасаған. Сол кезде полиция қызметкерлері ер азаматты ұстап, Арал АІІБ-не жеткізді.
Автокөліктен қашып шыққан қыз өзін Шымкент қаласының тұрғыны М.Ө. деп таныстырып, сот арқылы ажырасқан бұрынғы күйеуі, Атырау облысының тұрғыны У.Н. оны өз үйінен ұрлап алып бара жатқандығын айтып, үстінен арызданды.
Жәбірленуші өз арызында оқиға болған күні бұрынғы күйеуі оның пәтеріне баса көктеп кіріп, ұрып соғып, пышақ, газ шашатын баллон, жіп, алмас көрсетіп қорқытып, психикалық қысым жасағанын айтты. Одан кейін Орал қаласынан жалдап мініп келген автокөлікке отырғызып, Атырау қаласына жол тартқан. Жолда жәбірленушіні ұялы телефон арқылы әкесімен хабарластырған. Күдіктінің бұрынғы зайыбын ұрлап қашудағы негізгі себеп: ол ажыраспай тұрып, әйелінің әкесінен қарызға ақша алған, онысына нотариус арқылы қолхат жазып берген. Бірақ осы күнге дейін ақшаны қайтармаған. Күдікті өзінің үстінен қылмыстық іс қозғатпау мақсатында, ұрлап бара жатқан М.Ө.-ны әкесімен сөйлестіріп, қарыз алғанда жазып берген қолхатты Атырау қаласына әкеліп берген соң қызын қайтаратындығын айтқан.
Күдіктінің бұл ойы жүзеге аспай ол Арал қаласының тұсында Қызылорда облыстық ІІД Жол полициясы қызметкерлерінің арқасында қолға түсті. Сондай-ақ күдікті У.Н. АІІБ-нің ғимаратында жауап беру кезінде 3-ші қабаттан секіріп, қашып кетуге әрекет жасады. Ал Орал қаласының тұрғыны, көлік жүргізуші Х.Б. күдіктінің бұл пиғылынан мүлдем хабарсыз болған. Оны Орал қаласынан Шымкент қаласына жалдап келген. Күдікті жол бойында ұялы телефонмен сөйлескен уақытта көлікті тоқтатып, жүргізушіден қашық барып сөйлесіп келген. Ал жәбірленуші қорқып қалғандықтан және жүргізушінің кім екендігін біле алмағандықтан одан көмек сұрай алмаған. «Арал-Шеп» бекетінде жол полициясы қызметкерлері көлікті тоқтатқан кезде күдікті жәбірленушіден тоқтамай, қашып кетуді өтінген. Жүргізуші құжаттарының дұрыстығын, ешқандай жол ережесін бұзбағандығын айтып, көлігін тоқтатқан.
Сондай-ақ тексеру барысында күдікті У.Н.-ның үстінен Атырау қалалық қаржы полициясы ҚР ҚК-нің 177-бабының, 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстар бойынша айып тағып, оны іздеуге жариялағандығы белгілі болды. Күдікті 11 адамның сеніміне кіріп, ақшаларын алып, алаяқтық жасаған.
Бүгінгі таңда күдікті қамауға алынып, құжаттары Оңтүстік Қазақстан облысы Абай АІІБ-не жолданды.