Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Ж.Досқалиевке қатысты қозғалған қылмыстық іс прокуратураға жолданады

АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевке қатысты қозғалған қылмыстық іс прокуратура органдарына жолданады.

Бұл туралы бүгін елордада ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Қазіргі кезде айыпталушы және оның қорғаушылары қылмыстық істің материалдарымен танысуды аяқтады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 284 бабына сәйкес прокуратура органдарына жолданады», - деді ол.

Еске сала кетсек, Ж.Досқалиевке қатысты қылмыстық іс 2010 жылдың қыркүйегінде қозғалды. Оған қызметтік лауазымын асыра пайдаланды, аса ірі көлемде пара алды, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану арқылы бюджеттік қаржыны жымқырды деген айыптар тағылды. Министр қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін жалған инсульт жасады деген де күдік тағылды.