Бұрынғы күйеуі тірідей өртеп жіберген Астананың 25 жасар тұрғыны ауруханада көз жұмды

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының жан сақтау бөліміне «денесінің 95 пайызын күйік шалу» диагнозымен жеткізілген 25 жасар келіншек көз жұмды.

Бұл туралы Астана қалалық ІІД-нің баспасөз орталығының таратқан хабарламасында айтылады.

Болған оқиғаның мән-жайын тексеру барысында полиция қызметкерлері әйелдің жұбайымен ажырасып, одан бөлек тұрғанын анықтады. Жұбайы қызын көруге келіп тұратын. Осындай келулердің бірінде араларында болған ұрсыстан кейін бұрынғы жұбайы кенеттен бензин құйылған ыдысты алып шығып, оны әйелдің үстіне төгіп жіберді де, от тұтатты. Әйелдің денесі өртене бастады. Үйінен шыққан оның туысы жалынды сөндіруге тырысты. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметі әйелді ауруханаға жеткізді.

Полицейлер оқиғаның кінәлісі, Астанада уақытша тұрып жүрген ОҚО-ның 26 жасар тумасын ұстады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 103 бабындағы 3 бөлімімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат Астана қалалық ІІД-нің уақытша тергеу абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.