Бұрынғы министрден 14 млрд. доллар тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай билігі елдің бұрынғы қоғамдық қауіпсіздік министрі Чжоу Юнкан мен оның отбасына тиесілі 14,5 млрд. долларды құрайтын активтерді тәркіледі. Саясаткердің Қытай тарихындағы ең үлкен әрі атышулы жемқорлық қылмысына қатысы бар, деп жазады АПА.

Юнканнан бөлек бұл дауға оның туыстары мен серіктестері, саяси жақтастары мен бұрын өзі басшылық еткен CNPC мұнай-газ компаниясы қызметкерлерінің, ұзын-саны 300-ден астам адамның қатысы бар. Олардың басым бөлігі өткен жылдың желтоқсан айында қылмыстық іс қозғалған соң қамауға алынып, айыпталушы ретінде жауап берді.

Агенттіктің хабарлауынша, 5,9 млрд.доллары бар банктік шотқа тыйым салынып, қытайлық және халықаралық компаниялардың құны 8 млрд.доллар тұратын құнды қағаздары тәркіленген. Сондай-ақ 300 жылжымайтын мүлік, құнды тарихи жәдігерлер мен өнер туындылары, 60 көлік құралы, алтын және гауһардан жасалған бағалы бұйымдар мен шетелдік валютадағы қаржының барлығы да алынды. Тергеушілер олардың қайсысы заңсыз жолмен келгенін анықтап, оны мемлекет қазынасына қайтаруы керек. Жалпы, бұл елдегі жемқорлыққа қатысты ең үлкен оқиға болып отыр. Қытай үкіметі әзірге Юнканға қатысты қылмыстық іске орай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Қазір оның өзімен және отбасы мүшелерімен байланысу мүмкін болмай отыр. Сондай-ақ бұрынғы министрдің қорғаушылары кім екені де белгісіз. Айта кетерлігі, Юнканға жемқорлыққа қатысты айып өткен жылдың желтоқсан айында тағылды. Осыған қатысты қылмыстық іс қозғау туралы өкімді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин берген болатын. Үкіметтің бұл әрекеті жемқорлықпен және парақорлықпен күрес жөніндегі науқан шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.