Бұрынғы премьер-министр С. Ахметовтің ісі бойынша төрағалық етуші судьяға наразылық қолдаухаты қабылданбады (ФОТО)
«Судья Исламхан Есенбаевқа наразылық білдіру өтініші қанағаттандырылмасын, қаулы шағымдануға жатпайды», - деп Қарағанды облысы қылмыстық іс жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Төлеген Таңсықов шешімді оқыды.
Судьяға наразылық білдіру қолдаухатын сотталушылардың бірі Айдос Жәкеновтің (Қарағанды қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы) адвокаты Мейрам Шәймерденов мәлімдеді. Ол сот шағымдану құқығын қорғауға кедергі келтіргенін мәлімдеді. М. Шәймерденов қылмыстық істі тоқтату туралы қолдаухаттан бас тарту туралы бірінші инстанциядағы сот қаулысына аппеляциялық алқаға жеке шағым берілгенін хабарлады.
«Жеке шағымды қарағанға дейін басты сот талқылауын тағайындап, судья іс нәтижесіне жеке немесе жанама мүдделілігін білдірді», - деп санайды адвокат.
Еске салсақ, С. Ахметовке және басқа да фигуранттарға қатысты қылмыстық іс Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа 2015 жылғы 13 шілдеде түскен. 14 шілдеде ол әр сотталушыға статистикалық карточка тіркелді. Қылмыстық іс автоматты түрде судья Исламхан Есенбаевқа берілді.
Сыбайлас жемқорлық ісі бойынша барлығы 21 адам тергелуде. Оларға қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджет қаражатын ұрлады және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласты деген айыптар тағылған. С.Ахметов сондай-ақ аса ірі көлемде пара алуға айыпталуда. Қылмыстық іс материалдары 300 томнан асады.
Тергеу нұсқасы бойынша, С.Ахметов 1 млрд. теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырып, 2,4 млн. АҚШ доллары көлемінде пара алды деген күдік бар.