10:13, 18 Ақпан 2009
Бұрынғы учаскелік инспектордың үстінен қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат - Қаржы полициясы Астана қаласының бұрынғы учаскелік инспекторының үстінен қылмыстық іс қозғады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігіне сілтеме жасап. Анықталғандай, Астана қаласы Алматы ауданына қарасты Ішкі істер басқармасының А. есімді учаскелік инспекторы лауазымды өкілеттігін асыра қолдана отырып, Е. есімді азаматтан тәркіленген автокөлікті өз қажеттілігіне жаратып келген. Онымен қоса, Е. есімді азаматты мәжбүрлеу арқылы өзінің атына көлікті басқару және оған иелік ету туралы сенімхат пен 1 миллион 200 мың теңгеге автокөлікті сатып алғандығы жөнінде жалған қолхат жазғызып алған. Аталмыш факті бойынша «тапқыр» инспектордың үстінен Қаржы полициясы ҚР Қылмыстық кодексінің 307 бабы, 2 тармақшасына сәйкес (лауазымды өкілеттігіне нұқсан келтіру) қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізілуде.