НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Камалжан Надыров коронавирустан емделіп шықты. Бұл туралы онлайн баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Камалжан Талғатұлы емделіп шықты. Қазір медициналық сауықтыру шараларымен қамтылды. Оның денсаулық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде», - деді Л. Бюрабекова.
Осы орайда ол соңғы тексеру нәтижесінде Камалжан Надыровта инфекция анықталмағанын жеткізді.
Еске сала кетейік, 22 сәуірде Денсаулық сақтау вице-министрі қызметінен босатылған Камалжан Надыровтан коронавирус анықталды.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.