«Бұтақты-2» дауы: 2000 жылдық тарихы бар қоныс қалай бүлінді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Бұтақты шатқалында құрылыс жұмыстары кезінде 2000 жылдық тарихы бар 'Бұтақты-2' көне қонысына елеулі зақым келді. Қазақстан археологтары ескерткіштің төменгі бөлігінің шығыс жағы толық жойылғанын айтып, дабыл қақты. Олар мұндай құрылысқа рұқсатты кім бергенін және құрылысты кім жүргізгенін анықтауды талап етеді.

Фото: Видеодан алынған скрин

Әлеуметтік желіде Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячевтың «Бұтақты-2» тарихи ескерткішінің қиратылғанын айтқан видеосы тарады. Сөзінше, Римнен бұрын пайда болған және қазір де құнды тарихи ескерткіш болған, туристік нысанға айналуы мүмкін қоныстың айтарлықтай бөлігі бүлінді.

- 15 ежелгі үйдің 9-ы, ескерткіштің бірнеше жүз шаршы метрі және мәдени қабаттың айтарлықтай бөлігі қайтарымсыз жоғалды, - деді археолог.

Сондай-ақ ауыр техника тау бөктеріндегі топырақты 3-4 метр тереңдікке дейін қопарып тастағанын айтады. Бүлінген аумақтың көлемі шамамен 1,2-1,5 мың шаршы метр.
Археологтың мәліметінше, "Бұтақты-2" аумағынан әр дәуірге тиесілі тас құралдар мен қыш ыдыстар табылған.

"Бұтақты-2" көне қонысы туралы не белгілі

«Бұтақты-2» тарихи-мәдени мұра объектісі – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші.

Аталған объект ерте темір дәуіріне (б.з.д. II-I ғасырлар) және ортағасырлық кезеңге жатады.

Бұл орын Бұтақты шатқалының кіреберісінен шығысқа қарай 7,9 км жерде, Медеу спорт кешенінен батысқа қарай шамамен 1 км жерде орналасқан. Қоныс шамамен 1200 шаршы метрді алып жатыр.

2005 жылы ол Алматының тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне қосылды. Алайда шешімді алдын ала шығарған екен. Кейіннен тарихи және мәдени мұраны зерттеу бағдарламасы барысында ол толық құжатталды. Археологтар зерттеу жүргізіп, толық тахеометрия жасалды. Осылайша 2017 жылы тізім жаңартылған кезде ол қайтадан тарихи және мәдени ескерткіш ретінде бекітілді. Содан бері ол Қазақстан заңнамасына сәйкес мемлекеттік қорғауға жатады.

Ескерткішке ресми мәртебе Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы № 1/191 қаулысымен берілген.

Kazinform тілшісі жағдайға қатысты Алматы әкімдігінен пікір сұрады. Сауалымызға әкімдікке қарасты Алматы мәдениет басқармасы жауап беріп, мәселеден хабардар екенін және тексеріс басталғанын мәлімдеді.

8 қыркүйекте Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы, «Алматы Бас жоспар» өкілі, Алматы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі және бірнеше басқарма қызметкерлері аумақты тексеріп шыққан. Алайда топырақты қазып тастады дегенді жоққа шығарды.

- Мердігер еңістің бір бөлігін қазып алды, ал қазылған топырақ қосалқы станция аумағын жоспарлау және тегістеу мақсатында пайдаланылған. Учаскеде жер деңгейінен төмен қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Жұмыс барысында сүйек қалдықтары, керамикалық сынықтар, ағаш артефактілері, іргетас немесе тарихи немесе мәдени мұраның басқа да белгілері табылған жоқ, - деп мәлімдеді мәдениет басқармасы.

Құрылыс жүргізген қай компания және кім рұқсат берді?

Сауалымызға жауап берген Алматы қаласының мәдениет басқармасы «Бұтақты-2» тарихи-мәдени мұра объектісінің аумағында құрылыс жүргізуге рұқсат бермегенін айтады.

Тапсырысты Алматы энергетика және сумен жабдықтау басқармасы берген. 2026 жылы шілдеде басқарма «Алия-Сервис» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан.

«Алия-Сервис» – мұнай және газ магистральдық құбырларын, сондай-ақ таратушы инженерлік нысандарды салуға маманданған қарағандылық құрылыс компаниясы. 2005 жылдан бері мемлекеттік тапсырыстарды қабылдайды.

Ведомоствоның мәліметінше, бұл жұмыстың техникалық негіздемесінде қонысты ескеру керегі көрсетілген дейді. Қосалқы станция құрылысының алаңы ескерткіштен алыс орналасуы керек болған.

Енді қандай шара қолданылмақ?

Алматы қалалық мәдениет басқармасы мәселені шешу үшін ғылыми-зерттеу жүргізіліп жатқанын түсіндірді. Объектінің жай-күйін анықтау үшін басқарма Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп жұмыс істейді. Тек зерттеу нәтижесінен кейін қандай шара қабылданатыны белгілі болады. Басқарма бәрі заң аясында болады деп сендірді.

Еске салайық, бұған дейін Almaty SuperSki жобасы бойынша Көкжайлау шатқалындағы құрылыс жұмыстарына қатысты көпшіліктің көкейіндегі сұрақтарға жауап бердік.