ДДҰ мәліметінше, 2023 жылғы маусымнан бері Бутанда иттен жұққан құтырудан адам өлімі тіркелмеген.
Ұйымның атап өтуінше, бұл жетістік денсаулық сақтау, ветеринария және қоршаған ортаны қорғау салалары мамандарының бірлескен жұмысын көздейтін «Біртұтас денсаулық» тәсілі аясындағы он жылдан астам уақытқа созылған жұмыстың нәтижесі.
Бутанда иттерге жаппай вакцинация жүргізіліп, олардың санын реттеу шаралары қолға алынған. Сонымен қатар эпидемиологиялық бақылау күшейтіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Күдікті жағдай анықталған кезде денсаулық сақтау және ветеринария қызметтерінің мамандары ықтимал байланыстарды бірлесіп анықтап, қажет болған жағдайда оқиға орнына барып тексеру жүргізеді.
ДДҰ-ның бұл шешімі екі кезеңді бағалаудан кейін қабылданды. 2026 жылғы тамызда халықаралық сарапшылар тобы Бутандағы медициналық мекемелер мен зертханаларға барып, құтыруға қарсы күрес бағдарламасының деректерін зерттеді. Сондай-ақ Үндістанмен шекаралас аймақтағы эпидемиологиялық жағдай бағаланды.
Бутанда құтырудың алдын алу шаралары жалғаса береді. Атап айтқанда, елдің барлық 20 ауданында тістелгеннен кейінгі профилактика тегін жүргізіледі, иттерге жаппай вакцинация жалғасады және адамдар мен жануарлар арасындағы ауруларға бірлескен эпидемиологиялық бақылау сақталады.
ДДҰ талаптарына сәйкес, иттерден адамға құтырудың берілуін жою мәртебесін растау үшін елде кемінде екі жыл бойы осы аурудан адам өлімі тіркелмеуі және аурудың қайта таралуына жол бермеуге мүмкіндік беретін тиімді жүйе сақталуы қажет.
Құтыру клиникалық белгілері пайда болғаннан кейін дерлік әрдайым өлімге әкеледі. Алайда жануарларды вакцинациялау және ит немесе басқа жануар тістегеннен кейін уақтылы профилактикалық шаралар жүргізу арқылы аурудың алдын алуға болады.
ДДҰ мәліметінше, әлемде адамдарға құтырудың берілу жағдайларының 99 пайызына дейін ауру жұқтырған иттердің тістеуі немесе тырнауы салдарынан болады.