БҰҰ Бас Ассамблеясы 2027–2036 жылдарды Тұрақты даму мүддесіндегі халықаралық мәдениет онжылдығы деп жариялады, деп хабарлайды Kazinform WAM агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл бастаманы Вьетнам ұсынды. Оны өңіраралық бірлескен авторлар тобы мен Мәдениет достары тобы қолдады. ЮНЕСКО Бас конференциясы ұсынған және БҰҰ-ға мүше 103 мемлекет бірлескен автор ретінде қолдаған қарар 174 дауыспен қабылданды. Бір мемлекет қарсы дауыс берді. Қалыс қалғандар болған жоқ.
Айтылғандай, онжылдық мәдениеттің әлеуетін инклюзивті, тұрақты әрі орнықты қоғамдар құру ісінде неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жаһандық негіз қалыптастыруға бағытталады.
Бастамашылардың пікірінше, қарардың қабылдануы жаһандық дағдарыстар мен халықаралық ынтымақтастыққа түсіп отырған қысым күшейген кезеңде ерекше маңызға ие. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мәдениетті өзара түсіністікті нығайту және тұрақты дамуды ілгерілету құралы ретінде пайдаланудың маңызын атап өтті.
Бастаманы іске асыруды үйлестіру міндеті ЮНЕСКО-ға жүктеледі. Ұйым мүше мемлекеттермен, БҰҰ құрылымдарымен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, онжылдыққа арналған іс-қимыл жоспарын әзірлейді.
Бастаманы жүзеге асыруға үкіметтер, халықаралық және өңірлік ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдері, мәдениет саласының мамандары, жергілікті қауымдастықтар, сондай-ақ даму және қаржыландыру саласындағы әріптестер қатысады деп күтіледі.
— Бұл онжылдық мәдениетті тұрақты дамудың қозғаушы күші ретінде қарастыратын ортақ ұстанымымызды растайды. ЮНЕСКО осы жаһандық бастаманы тиімді саясат шараларына, инвестицияларға және нақты іс-қимылдарға айналдыруға дайын, — деді ЮНЕСКО-ның мәдениет мәселелері жөніндегі бас директорының көмекшісі Найеф Аль-Файез.
Халықаралық онжылдық БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін жүзеге асырудың соңғы төрт жылын және одан кейінгі жаһандық даму бағдарламасының алғашқы жылдарын қамтиды. Ол қазіргі міндеттемелер мен болашақтағы халықаралық басымдықтарды байланыстыратын көпір болады деп күтілуде.
Бұған дейін БҰҰ Африка елдерінің әлем картасын өзгерту жөніндегі бастамасын қолдағаны хабарланған.