Қазақстан БҰҰ-ның Алматыдағы өңірлік орталығына жыл сайын 3 млн доллар бөліп отырады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы Қазақстан Республикасында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы мен ілеспе құжат мақұлданды.

Фото: Сенат

- Бұл заңдар Мемлекет басшысының халықаралық деңгейдегі маңызды бастамасын іске асыру мақсатында әзірленді. Екі заңның да негізгі міндеті - аталмыш Орталықтың толыққанды жұмыс істеуін құқықтық әрі қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ету. Бірінші, келісімге қатысты заң, ұйымның құқықтық іргетасын қалайды. Келісім Орталықтың нақты мақсаттары мен міндеттерін бекітіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының түрлі агенттіктерінің қызметін бір шаңырақ астына біріктіру арқылы функциялардың қайталануын болдырмауды көздейді. Сонымен қатар аталған Келісім халықаралық конвенцияға сәйкес Орталық қызметкерлеріне тиісті артықшылықтар мен иммунитеттер беруді заңды түрде кепілдендіреді, - деді сенатор Бибігүл Жексенбай.

Оның айтуынша, екінші меморандумға қатысты заң Орталықты құрудың қаржылық-техникалық реттеу тәртібін айқындайды. Меморандумға сәйкес Қазақстан қабылдаушы ел ретінде 2025-2029 жылдар аралығында жыл сайын 3 миллион АҚШ доллары көлемінде ерікті жарна төлейді. Бөлінген қаражат Орталықты заманауи материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыруға, IT-инфрақұрылыммен, байланыспен қамтамасыз етуге және операциялық шығындарды жабуға жұмсалады.

- Еліміз бұл көрсетілген лимиттен тыс ешқандай қосымша шығындар көтермейді, сондай-ақ бөлінген соманың 13 пайызы Біріккен Ұлттар Ұйымының әкімшілік сүйемелдеуіне бағытталып, барлық қаржылық қызмет ұйымның ішкі және сыртқы қатаң аудит ережелеріне сай жүргізілетін болады. Сондай-ақ бағдарлама аяқталғаннан кейін ғимарат Қазақстан Үкіметіне толықтай қайтарылады. Бұл Орталықтың Қазақстан үшін стратегиялық пайдасы өте зор, себебі оның Алматыда орналасуы қаламыздың көпжақты дипломатиялық және іскерлік хаб ретіндегі халықаралық мәртебесін одан әрі бекіте түседі. Сонымен қатар бұл қадам Біріккен Ұлттар Ұйымының алаңдарында: біздің ұлттық басымдықтарымыз бен мүдделерімізді ілгерілету мүмкіндігін арттыруға, отандық мамандардың халықаралық жүйедегі өкілдігін кеңейтуге және олардың біліктілігін жаңа деңгейге көтеруге тікелей ықпал етеді. Бұл заңдарды ратификациялау ресми рәсімдерді толық аяқтап, Орталықтың жұмысын жедел әрі тиімді бастауға мүмкіндік береді, - деді депутат.

Құжаттардың қолданылу мерзімі 5 жылды құрайды және кейіннен оны тағы да ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Орталық Азия БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне қайта оралуы мүмкін.