БҰҰ Анджелина Джолидің қызметін жоғарылатты

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - БҰҰ америкалық актриса Анджелина Джолиді  ерікті түрдегі елшіден БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі арнайы елшісі қызметіне жоғарылатты, деп жазады Бірінші арна Еуразия.

Ол ресми түрде БҰҰ-ның босқындар мәселесі жөніндегі Жоғарғы комиссары Антонио Гутеррестің басшылығымен жұмыс істейтін болады.

БҰҰ-ның сайтында  айтылғандай, Джоли белсенді түрде әлемнің түрлі елдерін аралап, бақытсыздыққа тап болған адамдарға көмек көрсетіп келеді. Жаңа қызметінде актрисаға әр елдің ресми билігінің өкілдерімен жиі қарым-қатынас жасауға тура келеді, демек, тек қайырымдылық қана емес, дипломаттық істерге де араласпақ. «Біз оның қызметі қауіп-қатерге ұшыраған жерлерінен адамдардың жаппай босып кетулеріне байланысты туындаған ауқымды гуманитарлық дағдарыстарды шешуге бағытталады деп ойлаймыз», - деп мәлімдеді босқындар ісі жөніндегі комиссариатта.

Айта кетейік, америкалық актриса он жылдан астам уақыт БҰҰ-ның ерікті елшісі болып жұмыс атқарды, осы жылдар ішінде ол ондаған елде болып, туған ошағын еріксіз тастап кетуге мәжбүр болған мыңдаған адамдарға жәрдем беріп үлгерді.