Шешім ұйымның Дохада өткен конференциясында қабылданды. Ол болашақ Ай миссияларына қажетті инфрақұрылымды дайындауға және түрлі байланыс жүйелерінің бір-біріне кедергі келтіруіне жол бермеуге бағытталған.
Алдағы онжылдықта Айға жүздеген экспедиция жіберу жоспарланып отыр. Ғарышкерлерге, ай ровері мен орбиталық аппараттарға өзара және Жермен деректер алмасу қажет болады. Ол үшін радиожиіліктер мен техникалық стандарттарды біріздендіру керек.
Айдағы ұялы байланыстың алғашқы сынақтары да өткізілді. 2025 жылғы наурызда Nokia компаниясы америкалық қону модулімен бірге Жердің табиғи серігіне 4G стандартымен жұмыс істейтін шағын құрылғы жеткізді. Жүйе шамамен 25 минут жұмыс істеп, техникалық деректерді таратқан. Алайда қону модулінің сәтсіз орналасуына байланысты ай роверімен жоспарланған байланысты орнату мүмкін болмады.
Еуропалық ғарыш агенттігі Ай орбитасындағы бес жерсеріктен тұратын Moonlight желісін әзірлеп жатыр. Жоба байланыс пен навигацияны қамтамасыз етуге бағытталған. Алғашқы жерсерікті 2027 жылы ұшыру жоспарланған, ал толыққанды жүйе 2030 жылға қарай іске қосылмақ.
Ал NASA Айда бесінші буын (5G) байланыс технологияларын дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр.
Бұған дейін Жапонияда Жердің табиғи серігіндегі су қорын іздеуге арналған ай ровері сынақтан өткізілгені хабарланған еді.