Қарарда халықаралық құқықты құрметтеу және сақтау қазіргі халықаралық жүйенің тиімділігі, болжамдылығы мен заңдылығының негізгі шарттарының бірі екені атап өтілген. Осыған байланысты БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге, ұйымның құрылымдарына және өзге де мүдделі тараптарға 2028 жылы білім беру, ғылыми және ағартушылық іс-шараларын өткізу ұсынылды.
Құжатта дауларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу, халықаралық құқықтық ынтымақтастықты дамыту және заңгерлік білім беру сапасын жетілдіру мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Сонымен қатар жастарды, ғылыми қауымдастықты, заң саласы мамандарын және азаматтық қоғам институттарын халықаралық құқықты ілгерілетуге кеңінен тарту көзделген.
Бас Ассамблея 2028 жылдың желтоқсанында Түрікменстанда Халықаралық құқық жөніндегі жаһандық форум өткізу туралы ұсынысты құптады. Бұл форум Халықаралық құқық жылының басты іс-шарасына айналып, оған БҰҰ-ға мүше мемлекеттер, ұйым жүйесінің мекемелері, халықаралық ұйымдар, ғылыми орта және азаматтық қоғам өкілдері қатысады.
Халықаралық құқық жылын жариялау БҰҰ-ның халықаралық құқықты оқыту мен зерттеуді дамытуға бағытталған көпжылдық қызметіне, соның ішінде халықаралық құқық саласындағы көмек бағдарламасы мен Халықаралық құқық комиссиясының жұмысына негізделген.