БҰҰ Бас Ассамблеясы әлем картасының жаңа үлгісін мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас Ассамблеясы құрлықтардың нақты көлемін дәлірек көрсететін әлем картасын қолдануға көшу туралы қарарды мақұлдады, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: БҰҰ

Қарарды 164 мемлекет қолдады. АҚШ қарсы дауыс берсе, тағы алты мемлекет қалыс қалды.

Бастаманы Того мен Африка одағы ұсынған. Олар халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді алдағы уақытта Equal Earth проекциясындағы карталарды пайдалануға шақырды.

Equal Earth картасының басты ерекшелігі – құрлықтардың көлемін олардың нақты ауданына барынша сәйкес көрсетуі. Мәселен, бұл картада Африка әдеттегі әлем карталарындағыдан үлкенірек көрінсе, АҚШ аумағы салыстырмалы түрде кішірек бейнеленеді.

Жаңа карта кеңінен қолданылып келген Меркатор проекциясына балама ретінде ұсынылып отыр. Меркатор картасын 1512 жылы Фландрияда дүниеге келген картограф Герард Меркатор жасаған. Ол бастапқыда теңізде жүзуге арналғандықтан, жоғары ендіктердегі аумақтардың көлемін шынайы мөлшерінен үлкен етіп көрсетеді.

– Карталар біздің әлем туралы түсінігімізді қалыптастырады. Бірақ олар ешқашан бейтарап болмайды. Карталар планетамыз туралы бұрмаланған түсінік қалыптастырып, ұрпақтан ұрпаққа берілетін жаңсақ пайымдарды күшейтуі мүмкін, – деді Того Сыртқы істер министрі Роберт Дюссе БҰҰ Бас Ассамблеясында.

Equal Earth проекциясын 2018 жылы географтар тобы әзірлеген. Оның мақсаты – құрлықтардың картадағы бейнесін олардың нақты көлеміне барынша сәйкестендіру.

Нәтижесінде Equal Earth картасында Африка, Латын Америкасы, Оңтүстік Азия және Океания кең таралған әлем карталарындағыдан едәуір үлкен болып көрінеді.

Айта кетейік, БҰҰ аптап ыстық пен табиғи апаттар күшеюі мүмкін екенін ескертті.