БҰҰ Бас Ассамблеясы Фолькер Тюрктің өкілеттік мерзімін ұзартты

АСТАНА. KAZINFORM — Дауыс беру барысында 144 мемлекет Фолькер Тюрктің өкілеттік мерзімін ұзартуды қолдады. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.

Фото: Анадолы

Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас Ассамблеясы АҚШ пен Ресейдің қарсылығына қарамастан, Фолькер Тюрктің БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметіндегі өкілеттік мерзімін тағы төрт жылға ұзартты.

Дауыс беру нәтижесінде 144 ел Тюрктің қызметін жалғастыруына «қолдау» білдірді.

АҚШ, Ресей және Израильді қоса алғанда, 10 мемлекет бұл шешімге «қарсы» дауыс берді. Тағы 13 ел қалыс қалды.

Фолькер Тюрк 2022 жылдың қазан айынан бері БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары қызметін атқарып келеді. Дауыс беру нәтижесіне сәйкес, оның екінші мерзімге тағайындалуы 2026 жылғы 12 қазаннан 2030 жылғы 11 қазанға дейінгі кезеңге түпкілікті бекітілді.

Фолькер Тюрктің өкілеттік мерзімі тағы төрт жылға ұзартылатыны туралы ақпарат тарағаннан кейін, БҰҰ қызметін бақылаумен айналысатын және Израильді қолдайтын ұстанымымен танымал UN Watch үкіметтік емес ұйымы арнайы науқан бастады.

Ұйым әлеуметтік желілерде Тюркті қатты сынға алып, оның қызмет атқарған кезеңінде Израильді 58 рет айыптағанын, ал АҚШ-ты Қытай, Солтүстік Корея және Кубаға қарағанда жиі сынағанын мәлімдеді. Сондай-ақ ұйым Тюрктің Иранның АҚШ пен Израиль шабуылдарына берген жауабын «қарымта шаралар» деп сипаттағанын атап өтті.

Сонымен қатар, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар Фолькер Тюрктің атқарған жұмысына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, бұған дейін БҰҰ басшысы Иран мен АҚШ-ты келіссөзді шұғыл қайта бастауға шақырған болатын.