Атыраудағы компанияға 1,4 млрд теңге айыппұл салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Атырау облысында «Потенциал Ойл» ЖШС қоршаған ортаны қорғау талаптарын бұзғаны үшін 1,4 миллиард теңгеден астам әкімшілік айыппұл төледі.

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Атырау облысының экология департаменті кәсіпорынның қызметіне қоршаған ортаны қорғау заңнамасының сақталуына қатысты тексеру жүргізген. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталған.

Атап айтқанда, кәсіпорында өндірістік экологиялық бақылау мен ағынды суларды бақылау талаптары сақталмаған. Сонымен қатар міндетті экологиялық есептерді уақытында тапсырмау, кешіктіру және есептілікті талапқа сай жүргізбеу фактілері тіркелген.

Тексеру барысында ластаушы заттардың қоршаған ортаға шығарылуы және жекелеген жұмыстардың тиісті экологиялық рұқсатсыз жүргізілгені анықталды. Бұдан бөлек, белгіленген шығарындылар лимитінен асып кету және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару талаптарын бұзу жағдайлары болған.

— Сондай-ақ ластанған топырақ пен түптік шламның қажетті экологиялық рұқсаттарсыз және бекітілген лимиттерден тыс көлемде жиналғаны анықталды. Ал кәсіпорынның қалдықтарды басқару бағдарламасы іс жүзінде түзілген қалдықтардың нақты көлемі мен түрлеріне сәйкес келмеген, — делінген хабарламада.

Тексеру қорытындысы бойынша компанияға жалпы сомасы 1,4 миллиард теңгеден асатын әкімшілік айыппұл салынды.

«Потенциал Ойл» ЖШС бұл шараларға сот арқылы шағымданған. Алайда бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар компанияның талаптарын қанағаттандырмады.

Қазіргі уақытта мемлекетке салынған әкімшілік айыппұлдың толық сомасы — 1,4 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді.

Еске салайық, бұған дейін Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытына экологиялық талаптарды бұзғаны үшін айыппұл салынғанын хабарлаған едік.