БҰҰ Бас Ассамблеясы Махмуд Аббасқа сөз сөйлеуге рұқсат етті
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестина президенті Махмуд Аббастың келесі аптада өтетін 80-сессияда алдын ала жазылған бейнеүндеу арқылы қатысуына мүмкіндік беретін қарарды қабылдады, деп хабарлайды Анадолы.
Бұл құжат АҚШ Аббасқа виза беруден бас тартып, оның Нью-Йоркке бару мүмкіндігін шектегеннен кейін дауысқа шығарылды.
Дауыс беру барысында 145 мемлекет қарарды қолдады, АҚШ бастаған бес ел қарсы болды. Тағы алты мемлекет дауыс беруге қатысқан жоқ.
АҚШ билігі бұған дейін палестиналық делегацияға — президент Аббасқа, Палестина әкімшілігі мен Азат ету ұйымының өкілдеріне виза беруден бас тартқан болатын. Мемлекеттік департаменттің мәліметінше, бұл шешім тамыз айының соңында, жыл сайынғы Бас Ассамблея сессиясының алдында, мемлекеттік хатшы Марко Рубионың бастамасымен қабылданған.
Шешім жарияланған күні Израиль әскері Газа секторын ұрыс аймағы деп жариялаған еді.
Осыған дейін БҰҰ конференциясында 10 мемлекет Палестинаны мойындайтыны туралы жаздық.