«Бұл БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңіріне арналған 11-ші қарары. Оның алғашқысы 1997 жылы қабылданды. БҰҰ-ға мүше 85 мемлекет қарардың бірлескен авторлығына қосылды.
Семей өңірі бойынша қабылданған қарар – халықтың, әсіресе жас балалар мен басқа да осал топтағы адамдардың өмірі мен денсаулығына ядролық сынақтардың ұзақ мерзімді салдарына халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығының көрнекті дәлелі», – делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінде.
Мәліметке сүйенсек, құжатта Семей өңірінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ішкі ресурстар бөлудегі Қазақстан Үкіметінің маңызды рөлі туралы айтылған. Сондай-ақ қарар халықаралық қауымдастықты «Зардап шеккен халықты емдеу мен оларға қызмет көрсету үшін арнайы бағдарламалар мен жобаларды әзірлеуде және жүзеге асыруда, сондай-ақ Семей өңірінің экономикалық өсуі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерде Қазақстанға көмек беруге» шақырады.