БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық саммитінде қандай іс-шаралар өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде халықаралық ұйымның құрылғанына 80 жыл толуына орай БҰҰ Бас ассамблеясы саммиті ашылады. Іс-шараның басты қыры - қорытынды шығару ғана емес, сонымен бірге ХХІ ғасырдағы БҰҰ рөлін қайта ой елегінен өткізу мүмкіндігі болмақ, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Биылғы тақырып: «Бірге жақсырақ: Бейбітшілік, даму және адам құқығы үшін 80 жыл және одан да көп». Ассамблея жұмысына 100-ден астам мемлекет басшылары, мүдделі тараптар мен әлемдік көшбасшылар қатысып, әлемдік қоғамдастық назарын бейбітшілік, қауіпсіздік, геосаяси проблемалар, климат, адам құқығы мен тұрақты даму мәселелеріне шоғырландырмақ.
Қыркүйектің 10-22 күндері аралығында «Тұрақты даму мақсаттары» жөніндегі іс-қимыл форумына дайындық ретінде алдын ала кездесулер, комитеттердің отырыстары және сонымен бір мезетте өзге де іс-шаралар өтеді. Олардың қатарында ғылыми саммит, экономикалық өсім, денсаулық сақтау және инновациялар жөніндегі жаһандық форумдар, сондай-ақ сот төрелігіне, әйелдердің құқықтарына және бейбітшілік орнату мәселелеріне арналған іс-шаралар кіреді.
Сонымен қатар 19-28 қыркүйек аралығында «Ғаламдық мақсаттар апталығы» жоспарланған. Апталық азаматтық қоғамның, бизнестің және ғылыми қауымдастықтардың 170-тен астам өкілінің басын қосып, Тұрақты даму мақсаттарын жеделдету және жаһандық мәселелерді барынша тиімді шешу жолдарын талқылауға жол ашады.
22 қыркүйекте Бас ассамблея залында БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойына арналған жоғары деңгейдегі кеңес өтеді. Бұл жиында БҰҰ өкілдері, мемлекет және үкімет басшылары соңғы 80 жылдағы жетістіктерді талқыға салып, инклюзивті әрі икемді көпжақты жүйені құру бойынша алдағы қадамдарды қозғайды.
Сол күні Экономикалық және әлеуметтік кеңес залында «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу сәті» атты іс-шара жоспарланған. Кездесуде қоғамдарды, елдерді және аймақтарды түрлі салада – жаңартылатын энергия көздерінен бастап гендерлік теңдікке дейін түрлендіру мәселесі талқыға түседі.
Жоғары деңгейдегі іс-шаралардың бірі 22 қыркүйекте Әйелдердің жағдайы жөніндегі Төртінші дүниежүзілік конференцияның 30 жылдығына арналған отырыс болмақ. Бұл іс-шара гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, барлық әйелдер мен қыздардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылмақ. Кездесуде 1995 жылы Бейжіңде өткен тарихи конференциядан бергі уақыттағы табыстар талқыға түсіп, алдыңғы қатарлы тәжірибелер және әлемдегі гендерлік теңдік мәселелеріндегі ағымдағы қиындықтар егжей-тегжейлі сөз болады.
Мұнан бөлек, күн тәртібінде 24 қыркүйекте өтетін Климаттық саммит бар. Саммит климаттың өзгеруі саласындағы жаңа ұлттық іс-қимыл жоспарларын және таза энергия дәуірінің артықшылықтарын ұсыну алаңына айналмақ. Жаһандық іс-шара Париж келісімінің мақсаттарына сәйкес адамдарды және ғаламшарды қорғауға бағытталмақ.
23-27 және 29 қыркүйек күндері өтетін жоғары деңгейдегі жалпы пікірталас БҰҰ Бас ассамблеясының маңызды бөлігіне айналып, онда түрлі мемлекет басшылары күрделі жаһандық мәселелер мен ұжымдық іс-қимылдың маңыздылығына қатысты сөз сөйлейді.
24 қыркүйекте Тұрақты даму мақсаттарын қаржыландыру жөніндегі міндеттемелерді орындауға, көпжақты ұйымдардың көшбасшылары, мемлекет және үкімет басшылары арасындағы диалогке арналған алғашқы саммит өтеді.
Келесі күні, 25 қыркүйекте жоғары деңгейдегі кеңес жоспарланған. Онда мемлекет және үкімет басшылары жүрек-қан тамырлары аурулары, қатерлі ісік, қант диабеті және созылмалы тыныс алу аурулары сияқты жұқпалы емес аурулардың алдын алу, оларға қарсы күрес жөніндегі жаңа көзқарасты қалыптастыру мақсатында жиналады.
Дәл сол күні Жастар мүддесі үшін бүкіләлемдік іс-қимыл бағдарламасының 30 жылдығына арналған іс-шара өткізіледі. Үкіметтер, азаматтық қоғам және жастар ұйымдары бірге бас қосып, іс-қимыл бағдарламасының іске асырылу барысындағы ілгерілеушілікті бағалайды жастардың саясат жасауға белсене қатысуын ынталандыруға тырысады.
26 қыркүйекте жаһандық ядролық қарусыздануға қол жеткізу жөніндегі жоғары деңгейдегі көздесу жоспарланған. Бұл жалпы отырыс БҰҰ-ның қарусыздану саласындағы маңызды басымдығы саналатын ядролық қарудан толықтай бас тартудың халықаралық күні аясында жыл сайын өткізіледі.
БҰҰ Бас ассамблеясының қорытынды күнінде, 30 қыркүйекте Мьянмадағы рохинджа мұсылмандары мен басқа да аз ұлттардың мәселесіне халықаралық қауымдастықтың назарын аудару мақсатындағы жоғары деңгейдегі жалпы отырыс өтеді.
23 қыркүйекте Нью-Йоркте парникті газ шығарындыларын қысқарту, қазба отындарын қолдануды тоқтату, адам құқықтарын сақтау және халықаралық институттарды реформалау мәселелері бойынша белсенділердің қатысуымен наразылық акциялары өтуі мүмкін. Айта кетерлігі, наразылық акциялары жыл сайын өтеді. Мәселен, бұған дейін БҰҰ Бас ассамблеясының отырыстары қарсаңында Нью-Йорк орталығында мыңдаған адам АҚШ президентінен және әлемдік көшбасшылардан климаттың өзгеруіне назар аударуды және жаңа мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылауды тоқтатуды талап еткен еді.
Сонымен қатар, биыл, БҰҰ Бас ассамблеясының мерейтойлық жылындағы 80-сессия барысында Канада, Мальта, Франция, Ұлыбритания, Бельгия және Австралия Палестина мемлекетінің мәртебесін ресми түрде тануы мүмкін деген болжам бар.