12:17, 25 Сәуір 2009
БҰҰ Бас Ассамблеясы Семей өңірі бойынша қарарды бірауыздан қабылдады
НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 25-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Жұма күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамашылығымен енгізілген «Халықаралық ынтымақтастық және Қазақстанның Семей өңірі халқының денсаулығын, экологиясын және экономикалық дамуын оңалту мақсатындағы қызметтерді үйлестіру туралы» қарарды бірауыздан мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл құжатқа 92 мемлекет тең демеуші болды, олардың қатарында Достастықтың барлық елі, АҚШ, Франция, Жапония, Испания, т.б. елдер бар. Бұл БҰҰ Бас Ассамблеясының Семей өңіріне арналған алтыншы қарары. Құжатта аймақты дамыту және оңалту саласындағы ұлттық саясаттың маңызды ролі, Қазақстанның бұрынғы Семей сынақ ядролық полигонының проблемаларын кешенді шешудің 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының табысты жүзеге асырылғаны атап көрсетіліп отыр. БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық сынақтың салдарынан туындаған гуманитарлық, экологиялық, әлеуметтік, экономикалық және медициналық проблемаларға үлкен алаңдаушылық білдіруде. Қарар халықаралық қоғамдастықты жарылыстардың салдарын еңсеру, Семей өңірінің экономикалық өсуі мен орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы жобалар әзірлеу және оларды жүзеге асыру жұмыстарында Қазақстанға көмектесуге шақырып отыр. Құжатта сондай-ақ, елге заманауи технологиялар жеткізудің қажеттілігі де көрсетілген.