БҰҰ бас хатшылары тарихта қандай ісімен есте қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Бас Хатшы — Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ең жоғары лауазым. Осы жоғары лауазымның тізгінін ұстап тұрғанда жаһандық процестерге әсер етіп, әлемдік дағдарыстар мен қақтығыстар кезінде төрелік айтқан тұлғалар болды. Кazinform тілшісі БҰҰ құрылғаннан оған бас хатшы болған 9 тұлғаның тарихтағы орнына шолу жасап көрді.
Британиялық дипломат Глэдвин Джебб БҰҰ-ның бірінші басшысы болды. Бірақ ол қызметінің соңына дейін Бас хатшының міндетін атқарушы лауазымымен жұмыс істеді (1945 ж. 24 қазан — 1946 ж. 1 ақпан). Осы қысқа уақыттың ішінде ол ұйым тарихындағы ең тегеурінді көшбасшылардың бірі ретінде есте қалды. Екінші дүниежүзілік соғыстан әлем енді ес жиып жатқан кезде БҰҰ-ның барынша бейтарап, тәуелсіз ұйым болып қалыптасуына көп еңбек сіңірді.
Глэдвин Джебтің орнына 1946 жылы норвегиялық Тригве Ли келіп, 6 жыл қызмет етті (1946 ж. 1 ақпан — 1952 ж. 10 қараша). Ол Бас хатшы болған кезде әлемдегі геосаяси шиеленіс қайта ушыға бастаған болатын. Ақыры Тригве Ли басшылық қызметін мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды.
Дегенмен, ол Бас хатшылыққа дейін БҰҰ Жарғысын дайындауға үлес қосты. Осы еңбегі үшін ол БҰҰ-ның бірінші ресми бас хатшысы болып сайланды. Ал 1950 жылы 1 қарашада Бас Ассамблея оның мерзімін 1954 жылдың 1 ақпанына дейін ұзартты.
Бұл кезеңде Корея соғысы (1950 ж. 25 маусым — 1953 ж. 27 шілде), Батыс Берлин блокадасы (1948 ж. 24 маусым — 1949 ж. 12 мамыр), Кашмир дағдарысы (1949 ж., Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығыс), Израильдің мемлекет құру күресі (1948 жылы 14 Мамырда тәуелсіздік жариялады, бұл Араб Лигасымен соғыс тудырды), Индонезиядағы әскери қақтығыс (1945-1950 жж тәуелсіздік үшін күрес) және Қытайдағы азаматтық соғыс орын алды.
Ли БҰҰ күштерінің қолбасшылығы АҚШ-тың қарамағында қалғаны үшін сынға ұшырады. АҚШ пен КСРО қысымынан кейін Тригве Ли 1952 жылы қарашада отставкаға кетті.
Швед дипломаты Даг Хаммаршельдтің бітімгерлік миссиясы (1953 ж.10 сәуір-1961 ж. 18 кыркүйек) норвегиялық әріптесіне қарағанда сәтті шықты. Сол үшін оны БҰҰ тарихындағы ең үздік Бас хатшы деп бағалайтындар бар.
Даг Хаммаршельд Израиль мен араб елдерін татуластыруға тырысты, корей соғысынан кейін АҚШ пен Қытай арасындағы тұтқындарды босату үшін келіссөздер жүргізді, Суэц дағдарысын шешуге күш салды (екінші араб — израиль соғысы, 1956 ж. қазан-1957 ж. наурыз).
Оның күш салуымен БҰҰ төтенше Қарулы Күштері (UNEF) құрылды. 1956 жылы Франция, Ұлыбритания мен Израильдің Мысырға басып кіргеннен кейін UNEF бітімгерлік миссиясын бастады. Бұл оқиға БҰҰ-ның бітімгер контингент жолдау дәстүріне жол ашты.
Даг Хаммаршельд БҰҰ тарихындағы қызмет бабымен жүріп жан тапсырған жалғыз басшы болды. Конго Демократиялық Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін туындаған әскери қақтығысты шешуге белсенді атсалысты. Сол сапардан қайтқан жолда ұшақ апатқа ұшырап, борттағы 14 жолаушымен бірге қаза тапты.
Көзінің тірісінде атқарған өлшеусіз еңбегі үшін кеш болса да, Нобель сыйлығымен марапатталды.
Даг Хаммаршельдтің ізін жалғауға Бирма дипломаты У Тан келді. Әуелде Хаммаршельдтің қалған мерзіміне Бас хатшының міндетін атқарушы болып тағайындалған ол кейін толық мерзімге тағайындалды (1961 жылғы 30 қараша — 1971 жылғы 31 желтоқсан).
Тан Кариб дағдарысы кезінде АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы келіссөздерде көзге түсті (1962 ж.қазан). Екі мемлекет арасындағы ауқымды ядролық соғыстың бетін қайтарған У Тан деп дәріптейтіндер бар.
Конгодағы дағдарыс та У Танның кезінде тоқтады. Бірақ Вьетнам соғысы (1955-1975) мен Араб-Израиль соғысын БҰҰ тоқтата алмады.
1967 жылдан бастап Кипр түріктері мен Кипр гректері арасындағы дау күшейіп, оған Түркия килігуге дайын отырды. БҰҰ Бас хатшысы белсенді келіссөздер жүргізу арқылы ол әскери шиеленістің алдын алды.
Аустриялық Курт Вальдхайм (1972 ж.1 қаңтар — 1981 ж. 31 желтоқсан) БҰҰ-ның гуманитарлық көмектерді үйлестіруші рөлін нығайтып, «Қырғи қабақ соғыс» кезеңінде басшылық еткен тұлға ретінде тарихта қалды.
Ол басшылық еткен кезеңде БҰҰ Бангладешке, Никарагуаға, Африканың Судан-Сахел аймағына, Гватемала мен Намибияға көмек көрсетіп, Кипрде, Йеменде, Анголада, Гвинеяда және әсіресе Таяу Шығыста бітімгерлік операциялар ұйымдастырды. Сол кезде соғыс өрті шарпып тұрған Сирияға, Ливанға, Израильге, мысыр мен Иорданияға барды. БҰҰ-ның аймақтағы бейбітшілікті сақтау жөніндегі миссияларына инспекция жүргізіп, Үндістанмен, Пәкістанмен келіссөзге қатысты. 1975 жылы Вьетнам соғысы аяқталғаннан кейін босқындарға гуманитарлық көмек көрсетуде қатты қайрат көрсетті.
Курт Вальдхайм дағдарысты бейбіт жолмен шешіп, БҰҰ-ны халықаралық қақтығыстарға бейтарап делдал ретінде тартуға тырысты.
Ол дамуда кенже қалған елдердің қарсылығына қарамастан 1976 жылы Бас хатшы болып қайта сайланды. Бірақ 1981 жылы Қытай үкіметі оның үшінші мерзіміне вето қойды. Оның қызметін сынайтын саясаттанушылар мен тарихшылар ұйымдағы бюрократиялық және қаржылық проблемаларды көре тұра құрылымдық реформаларды бастамады деп айыптайды.
Перу дипломаты Хавьер Перес де Куэльярдың (1982 ж.1 қаңтар — 1991 ж. 31 желтоқсан) кезінде «қырғи қабақ соғыс» аяқталды. Оны БҰҰ-ның жұмысын нәзік дипломатияға бағыттаған басшы деп қарауға болады.
Ол БҰҰ басшылығында өзін аса ұстамды, сақ дипломат ретінде көрсетті. Қырғи қабақ соғыстың екі тарабына да оның кандидатурасы қолайлы болды.
Оның күш салуымен совет армиясын Ауғанстаннан шығарған Женева келісімдеріне қол қойылды (1988). Сондай-ақ ол БҰҰ басшысы ретінде Камбоджадағы азаматтық соғысты аяқтауға күш салды. Намибияның Тәуелсіздік жоспарын қолдап, Иран-Ирак соғысын тоқтатты (1980-1988).
Оның тұсында БҰҰ белсенді халықаралық диалог алаңына айналды. Әсіресе КСРО (Горбачев) мен АҚШ (Рейган/Буш) арасындағы жылымық белең алды.
Бутрос Бутрос-Гали БҰҰ-ның алтыншы бас хатшысы болды (1992 ж.1 қаңтар — 1996 ж. 31 желтоқсан). Бұған Африка бірлігі ұйымының 1991 жылы келесі Бас хатшы африкалық болу керек деген талабы ықпал еткенін айту керек.
Бас хатшы болған алғашқы айларда Бутрос Гали «бейбітшілікті сақтау» тұжырымдамасының орнына «бейбітшілік орнату» тұжырымдамасын ұсынды.
1993 жылдың ортасында ол 19 елге барып, 13 бітімгершілік операцияны тексерді.
Оның Бас хатшылық дәуірінде тарихтағы ең қайғылы беттердің бірі — Руандадағы азаматтық соғыс пен геноцид болды. БҰҰ бітімгер контингентін Руандаға кіргізуге Бутрос Галидің дәті дауаламады.
1996 жылы ол екінші мерзімге үміткер болу ниетін жариялағанымен, АҚШ вето құқығын пайдаланып, оның қайта додаға түсуіне кедергі келтірді.
Гана дипломаты Кофи Аннан халықаралық ұйымда ұзақ және табысты мансапқа ие болған БҰҰ-ның 7-ші Бас хатшысы болды (1997 ж.1 қаңтар — 2006 ж. 31 желтоқсан).
Кофи Аннан Бас хатшысы болған кезде БҰҰ көп нәрсеге қол жеткізді. Соның ішінде химиялық және ядролық қару мен иммун тапшылығы дертінің таралуына тосқауыл қоюда табысты еңбек етті. Сондай-ақ, адам құқықтарын, еңбек қатынастарын, қоршаған ортаны қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңашыл бастамаларды іске асырды.
Оңтүстік Корея дипломаты Пан Ги Мун (2007 ж.1 қаңтар-2016 ж. 31 желтоқсан), БҰҰ-ға Бас хатшы болған кезде климаттың өзгеруіне қарсы күрес жанданып, «тынық күш» дипломатиясы үстемдік құрды.
Ол Копенгагенде (2009) және Парижде (2015) климаттың өзгеруіне арналған шешуші конференциялар ұйымдастырып, әлемдегі жетекші экономикаларды қоршаған ортаға тастайтын шығарындыларды азайтуға және жаңартылатын қуат көздеріне инвестиция салуға жұмылдыра білді.
Оның кезінде АҚШ Иракқа басып кірді (2003–2011жж.). Сириядағы азамат соғысы (2011 жылдан бастап), Ливия соғысы және Каддафи режимінің құлауы (2011), Солтүстік Кореяның ядролық қарумен қоқан-лоққы көрсету Пан Ги Мунның кезінде орын алды.
Либерал қоғам оны ЛГБТ құқықтары туралы көтерген Бас хатшы ретінде дәріптейді.
Wall Street Journal оны БҰҰ-ның «көрінбейтін адамы» деп атады. 2010 жылы БҰҰ-ның бітімгерлік базасынан Гаитидегі су көзінен ластайтын сарқынды тарап, тырысқақ өршіді. Гаити азаматтары АҚШ Жоғарғы сотына БҰҰ миссиясының үстінен талап арыз түсірді.
Португалия тумасы Антонио Гутерриш — 2017 жылдың 1 қаңтарынан бері БҰҰ-ның Бас хатшысы.
Оның кезінде Ресей мен Украина, Израиль мен Палестина, Армения мен Әзербайжан арасындағы әскери қақтығыстар өршіп, 2024 жылдың 2 қазанында Израиль Гутерришті «персона нон грата» деп жариялады. Оған БҰҰ басшысы Иранның Израильге қарсы жасаған зымыран шабуылын қатаң айыптамауы себеп болды.
Оның төрағалығы кезінде БҰҰ Ресей мен Украина арасындағы бірқатар қақтығыста Бас Ассамблея қабылдауға міндетті емес деп есептелетін айыптау шешімдерін шығарды. Израиль мен Палестинада БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының есебіне қарамастан геноцидті мойындамайды. Армения мен Әзербайжан қақтығысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тиімсіз әрекет етті деп есептейтіндер де бар.
COVID пандемиясы кезінде БҰҰ-ны әрекетсіз отыр деп сынағандар көп болды.
2023 жылы БҰҰ гуманитарлық көмекке 22,7 миллиард доллар жұмылдырып, өз тарихында рекорд жасады. Ресми есептерде ол қаражаттың 160 миллионға жуық мұқтаж жанды қолдауға жұмсалғаны айтылып жүр. Әсіресе Ауғанстандағы, Судандағы, Йемендегі, Палестинадағы қақтығыстардан зардап шеккендердің өмірін жеңілдетуге, Сирия мен Түркиядағы жер сілкіністерінің, Ливия, Малави және Мозамбиктегі су тасқынының салдарын жоюға атсалысты.
Қазір оның мойнында БҰҰ-ның жұмысын түбегейлі реформалау міндеті тұр.
Айта кетейік, бұдан бұрын БҰҰ-ның 22 қыркүйек күні өтетін конференциясында 10 мемлекет өкілі Палестинаның мемлекеттілігін мойындайтыны айтылды.